Құрғақшылық алдымен диқандарға қауіпті. Себебі, өнім ойдағыдай шықпаса шаруаладың шығынға бататыны белгілі. Былтыр пандемия басталып баршамызды бір әбігерге салса, су тапшылығы екінші бүйірден қыса түсті. Бұдан әсіресе шаруалар зиян шеккенін жақсы білеміз. Енді осы өзекті мәселе биыл қалай шешілмек? Өткен жылы басталған су арналарының құрылысы неге әлі күнге дейін тұралап тұр? Диқандардың уақытында су алуына кепілдік бар ма? Осы сынды түйткілді сауалдарға жауап алу мақсатымен арнайы мамандарға жүгінген едік. Шаруалармен де кездесіп, олардың назын тыңдадық.

Су зардабын тартқан шаруалардың бірі – Еркінбек Сіләмов. Ол жылына жүгеріден 40 пен 50 центнер арасында өнім алатын. Су тапшылығының салдарынан бұл көрсеткіш былтыр 36 центнерді көрсекен. Бүгінде шаруаның 600-ден астам суармалы жері бар. Оған дәнді дақылдардан арпа, бидай, соя, жүгері және қызылша мен жоңышқа себеді. Айтуынша, осының барлығына жыл сайын 2 миллион жарым текше метр су қажет екен.

«Былтыр 1 ай жарым бойы суды жөнді бермей қойды ғой. Суға берген тапсырысымыз уақытында келмеді. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігінің айтуымен суды тек қызылшаға ғана бергені болмаса, соя, жүгері секілді дәнді дақылдарымызды мардымды суғара алмадық. Соның салдарынан өнімділік өте төмен болып, қатты зиян шектік. Ал, биылғы жағдайымыз қалай болады? Оны бір құдай біледі. Әкім суғару каналдарын жасап береміз деген. Бірақ, әзірге ешқандай өзгеріс көріп отырғанымыз жоқ», — дейді Е.Сіләмов.

Шаруалар «су дұрыс берілмеді» деп назын айтса, «Қазсушар» РМК Алматы филиалының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Талдықорған өндірістік учаскесі жоспарды артығымен орындадық деп отыр. Мекеме басшысы Мырзахан Құдайбергенұлы:

— Өткен жылы 189 шару қожалығына 44 миллион текше метр су беру жөнінде келісім шарт жасағанбыз. Алайда, біз 1 миллион 623 мыңға жоспарды артық орындадық. Мұндағы 1 текше метр судың құны – 42,1 теңгені құрайды. Иә, былтыр маусым айында су тапшылығы қатты көрінді. Бұған тауға түкен қардың аздығы және сол мезгілде күннің күрт суытып кетуі басты себеп. Яғни, таудағы қары ерімей тұрып алды, — деді.

М.Әбдішев осы уақытқа дейін мұндай нәрсе болмағанын айтады. Платинадан 2 текше метр ғана су алынған. Кейін күн жылынған соң бұл көрсеткіш 6-ға жетіпті. Негізі, бұрын бұл платинадан 9 текше метр су шығатын. Су жеткіліксіз болғандықтан оны шаруалғарға үнемдеп беруге тура келді, — дейді Талдықорған өндірістік учаскесінің басшысы.

Оның үстіне былтыр «Шымыр» каналына (10,1 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары басталып, ол аяқсыз қалды. Тендер ұтып алған мердігер мекеме «ақша толық бөлінбеді» деген сылтауды алға тартып, құрылысты жөнді жүргізбепті. Тек, 1,4 шықырым жерге бетон арықтар қойылған. Қалған жерлер қазылған күйде әлі жатыр. Бұдан бөлек, арықтың маңайында қиылған ағаштар тазаланбаған. Осының кесірінен қазір 2 мыңнан аса гектар егістік алқабына су беретін арық жоқ. Енді су берумен айналысатын мекеме ондағы 89 шаруаға ескерту айтып, әзірге ештеңе сеппей тұра тұруларын сұрап отыр.

«Бұл жайттан әкімдіктегілер де хабардар. Олар мердігер мекемені қузап, 1 мамырға дейін каналды жасатамыз деген. Алайда, әлі ешқандай нәтиже шықпады. Дегенмен, бұлай отыра беруге болмайды. Тым құрығанда мамыр айының ортасына дейін каналдар салыну керек. Қазір осыған тырысып жатырмыз», — деп сендірді учаске бастығы.

Оның айтуынша, Талдықорған қаласына қарасты (ұзындығы 112 шақырымды құрайтын) 15 канал бар. Бастапқыда су арналары түгелімен бұзылып, күрделі жөндеуді барлығына біржола жасаламақ болыпты. Абырой болғанда, Талдықорған өндірістік учаскесі бұған келісімін бермей, жөндеу жұмысын шетінен біртіндеп жасауға шақырған. Егер, барлық арық бұзылғанда, бүгінгі жағдай мүлдем күрделене түсетін еді.

Біз ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы Айгүл Шыңғысханқызын да сөзге тартқан едік. Ол 2020 жылы қаланың тенгерiмiнде тұрған жалпы ұзындығы 112 шақырымды құрайтын каналдарға әр-түрлі деңгейдегі күрделі жөндеу жұмыстары үшін 1 миллиард 600 мың теңге бөлінгенін атап өтті. Айтуынша, жөндеу жұмыстары 2021 жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс болатын.

Біз осы орайда бетондалған арналар салынып жатқан жерге барып, ондағы шаруалармен де кездестік. Мәселен, «Мақан-Алмас» шаруа қожалығының басшысы Шамбылай Өскенбаев та екі ұдай ойда.

«Биыл 120 гектарға қант қызылшасын егеміз деп ойлағанмын. Одан бөлек, 12 гектарға бидай, арпа салу жоспарда бар еді. Алайда су арналарының жөндеу жұмыстары аяқталмағандықтан шыны керек қорқақтап отырмыз. Біз тұқымды қарызға аламыз. Егер қазір тұқымды сеуіп тастасақ, ертеңгі күні су келмей барлығы қурап кетсе, жағдайымыз қиын болғалы тұр», — деді ол.

Сондай-ақ, Шамбылай Өскенбаев су арналарына жөндеу жұмысын Талдықорған өндірістік учаскесі өздері жүргізсе деген тілегін айтып қалды. Оның айтуынша, бұл мекеме шаруаларға су берумен айналысып отырғандықтан меншігінде құрылыс бригадасы, арнайы техникасы болғаны дұрыс. Сол кезде облыстан бөлінген қаржыны өздері игеруге болады. Яғни, мердігерлерді іздемей-ақ бар істі өздері тындыратын еді. Әйтпесе, сырттан келгендер тендерді ұтып алады да, жұмысты мардымды атқармайды. Мерзімін созып, әбден әлекке салады.

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – Балақты өзеніндегі жағдай. Біз Талдықорған өндірістік учаскесінің бастығы Мырзахан Әбдішевтен  осындағы атқарылып жатқан жұмыстарды да сұрап білдік. Оның айтуынша, бұл өзенде жазды күндері су өте аз ағады. Қанша су жіберілсе де басым бөлігі жерге сіңіп жатыр.

«Мен бұл мәселені көтеріп, қаланың бұрынғы әкімі Бағдат Қарасаевқа сиымдылығы 5 миллион болатын су қоймасын салу жайлы ұсынысымды айтқанмын. Егер Балақты өзенінде осыны іске асырсақ сол маңайдағы шаруаларды сумен қамтамасыз ете аламыз. Ол кісі сөзімді бірден қолдап, осының техникалық-экономикалық негіздеу әдістемесіне облыстан қаржы  (3 миллион 1 жүз мың теңге) бөлгізді. Бүгінде ол жердегі зерттеу жұмыстары толығымен аяқталды. Енді құжат мемлекеттік сараптамадан өтетін болса, су қоймасын салу жөнінде шешім шығады. Яғни, жоспарымыз іске асып жатса, алдағы уақытта ипподромның төменгі бөлігіндегі алқаптар толық сумен қамтылады», — деді учаске басшысы.

Айта кетейік, биыл Талдықорғанда 6457 гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Оның ішінде 942 гектар дәнді дақылдар (жүгері, арпа, бидай, рапс), 2716 гектар майлы дақылдар бар. Бұдан бөлек, қант қызылшасы 350, картоп 620, көкеніс және бақша дақылдары 1158, мал азығы 676 гектарға егілмек. Алайда, синоптикдердің мәліметінше биыл тағы да су тапшылығы болуы әбден мүмкін. Себебі, тауға түскен қардың мөлшері бұрынғымен салыстырғанда біршама аз көрінеді. Осыған орай Талдықорған өндірістік учаскесі биыл да шаруаларға суды уақытында бере алмайтын көрінеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK