Алматы облысының әкімдігінде өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі  ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиынға облыстық прокуратураның, соттың, полиция және мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары мен аймақтағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері, жобалық кеңселердің жетекшілері шақырылып,  ZOOM қосымшасы арқылы облыстың аудан, қала әкімдері, сондай-ақ басқарма басшылары қатысты.

Басқосуда ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қабылданып жатқан шаралар туралы баян етіп,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық нормаларға енгізілген өзгерістерді түсіндірді.

Ернар Әбсейтұлының айтуынша, департамент қызметінің негізгі бағыты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жедел тергеу болып табылады. Қазір жасалып  жатқан шаралар сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оны болдырмауға бағытталған.

Осы орайда департамент басшысы ағымдағы жылдың 1-тоқсанындағы жедел-тергеу қызметінің нәтижелеріне тоқталды. Сондай-ақ, ол  алдын алу шараларына баса назар аударудың арқасында биыл облыс бойынша тіркелген қылмыстар саны негізінен азайғандығын тілге тиек етті. Мәселен, өткен жылдың ұқсас мезгілінде аймақтағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 54 болса, биыл 31-ге төмендеген. Оның  ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 90,5% немесе 19 қылмысты құраған. Аяқталған қылмыстық істер бойынша жалпы залал 1 млрд. 614 млн. теңгені құрап, шығынның 1 млрд. теңгесі өтеліпті.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандарды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша ҚР Әкімшілік Кодексіне енгізілген заңнамалық өзгерістер жайында егжей-тегжейлі түсіндірді.

– Ағымдағы жылдың 5 сәуірінде Мемлекет басшысы қол қойған «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заң күшіне енді. Оның аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сыбайлас жемқорлық сипатындағы белгілері бар 15 әкімшілік бап берілген. Мысалы, сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК-нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңге. Ал егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан шығатын болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланады және мұнда айыппұл 700 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн. теңгеден жоғары. Сонымен қатар, биылдан бастап күшіне енген Еңбек кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдарды кез келген мемлекеттік сектор лауазымына қабылдауға толық тыйым салынды. Егер ондайға жол беріп, тиісті шаралар қабылдамаған жағдайда заңда көрсетілген  680-бап  бойынша лауазымды тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, яғни, шамамен 300 мың теңге айыппұл салу қарастырылған», – деді Ернар Мақажанов өз сөзінде.

Осыдан соң ведомствоаралық комиссияның отырысы аясында Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» орындау сапасына Арнайы мониторингтік тобымен жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері қаралды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы отырыс қорытындысында Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы облыс әкімдігіне ұйымдастырушылық-басқарушылық және нормативтік сипаттағы бірқатар ұсынымдар енгізді. Әрі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» сапасыз және формальды түрде орындаған бірқатар мемлекеттік органдар мен аудандық, қалалық әкімдіктерді атап шықты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK