Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория ашылды. Жаңа емдеу мекемесі тәулігіне 200 адам қабылдауға қауқарлы, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін көлемі шағын, ескі ғимаратқа келіп емделетін. Алғашында мектеп ретінде салынған нысанның іргесі 1954 жылы қамыстан тұрғызылыпты. Әбден тозығы жеткен мекемеде жұмыс жасау қиынға соғатын, — дейді ақ халаттылар. Бұдан бөлек, кейбір құрылғылар мен дәрігерлердің жетіспеуі салдарынан жергілікті тұрғындар қалаға баруға мәжбүр еді.

Шолпан Мәдіғалиқызы, ауыл тұрғыны:

— Өткен жылы облыс әкімі халыққа есеп бергенде осы мәселені көтеріп, Амандық Ғаббасұлынан көмек сұрағанбыз. Міне, ол кісі сөзінде тұрып, 6 айдың ішінде бізге мынадай әдемі, заманауи, үлкен ғимарат салғызып берді. Қуанышымызда шек жоқ. Ауыл тұрғындарының атынан әкімге зор алғысымды айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне өңір басшысы Амандық Баталов пен қала әкімі Ержан Жасыбаев арнайы келді. Олар емдеу мекемесінің ішін аралап, жаңа құрылғылармен, дәрігерлермен танысты. Сондай-ақ, облыс әкімі дәрігерлік амбулаторияға жаңадан жедел жәрдем көлігін сыйға тартатынын айтып, ауыл тұрғындарын тағы бір мәрте қуантып қойды.

«Біз бұрын көлемі 400 шаршы метр ғана болатын, дәлізі өте тар ескі мектептің ғимаратында жұмыс істедік. Ал, мына жаңадан салынған дәрігердік амбулаторияның көлемі 1100 шаршы метрді құрайды. Үлкен, таза, әрі жаңа құрылғылармен қамтылған. Енді осы жайлы жерде тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеміз», — дейді Еркін дәрігерлік емханасының меңгерушісі Асқарбек Қамалбайұлы.

А.Оралбаевтың айтуынша, ауылдық окрукте 18 мың халық тұрады. Оның 15 мыңы аталмыш мекемеде тіркеуде. Қалғаны жеке меншік клиникаларға барып жүр. Жаңа амбулатория салынғандықтан енді олардың барлығы осы жерге келеді деген болжам бар.

Себебі, 378 млн. теңгеге салынған емханада акушер генеколог, психолог, тіс дәрігері сынды мамандар мен ультрадыбысты зерттеу (УЗИ) апараты, 2 процедуралық, 2 егу бөлмесі, массаж бар. Қазір емханада 45 қызметкер жұмыс істейді, оның 9 жоғары санаттағы дәрігер.

«СП «NEFT» ЖШС басшысы Нұрлан Қадырбеков:

— Құрылысты өткен жылдың сәуір айында бастағанбыз. Пандемияға байланысты күрделі кезеңді бастан өткердік. Жұмысшыларымыздың біразы аурып қалды. Алайда, аз адам қалса да құрылысты тоқтатпадық. Бүгінде ғимараттың 99 пайызы жаңа құрылғылармен қамтылған. Жақын күндері медицна персоналына қажетті тағы бірнеше затты әкеліп орнатамыз. Барлығы сапалы жасалды, құрылысқа қажетті материалдардың 90 пайызы өзіміздің отандық өнім.

Мердігер басшысы емхананың құрылысына жалпы саны 40-қа жуық адам атсалысқанын атап өтті. Оның біразы жергілікті елді мекеннің тұрғындары. Айтуынша, компанияның құрылыс саласында жүргеніне 25 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін Алматы облысының аумағында мектеп, дене шынықтыру кешені және аурухана сынды әлеуметтік нысандар мен бірнеше тұрғын үйлердің іргесін қалаған.

Айта кетейік, биыл Алматы облысында дәл осындай 3 дәрігерлік амбулатория салынуда. Сонымен қатар, 20 блокты модульді медициналық пункт бой көтермек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK