«Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы

935
фото М. Шегебаев

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жарқын болашақ» республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Халықаралық «КАТЕV» қоғамдық қорының ерекше демеуімен қолға алынған бұл бастамаға Талдықорған қаласындағы «Білім-Инновация» лицей- интернаты мен облыстық білім басқармасы ұйытқы болған. Осымен 10 -ші рет өткен білім бәсекесіне Алматы облысының әр аудан, қалалары мен облыс орталығынан сұрыпталған 170-тен астам үміткер қатысып, бақ сынады.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған игі шараның басты мақсаты– өңіріміздегі қазақ тілін және оны шет тілі ретінде еркін меңгерген дарынды жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету. Байқау жалпы «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» сынды бес аталым бойынша өтті.  Сайысқа түскен саңлақтарға өңірдегі жоғары оқу орындарының ғылым докторы, профессорлары мен танымал ақын-жазушылары  төрелік етіп, жүзден жүйірік, мыңнан тұлпар шыққандарды анықтады. Сонымен, аталмыш лицей- интернатында ұйымдастырылған  дүбірлі додада  жалпы Жетісу жерінен 80-ге жуық талапкер жүлделі орындарға ие болды. Онда қара үзіп шыққан 10 үміткер бірінші,  20  оқушы екінші, 30 сайыскер үшінші  орынды еншілесе, 20-сы ынталандыруға лайық деп танылды. Енді  мұндағы І орын иегерлеріне алдағы уақытта өтетін республикалық байқауға жолдама берілмек. Ал, онда топ жарғандар жоғары оқу орнында тегін оқуға түсуге мүмкіндік алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK