Ерлерден қалыспай нәзік жанды аруларымыз да кәсіби спортпен тұрақты шұлданатынын жақсы білеміз. Тіпті, үлкен ареналарда топ жарып, еліміздің атын шығарып жүрген бұрымды қыздарымызға қарап іштей қуанасың. Сондай саңлақтардың бірі, әрі бірегейі – Гүлнұр Ерболқызы. Бүгінде оның самбодан үш дүркін Азия чемпионы және қазақ күресінен Әлем біріншілігінің жеңімпазы деген үлкен жетістігі бар. Бұдан бөлек, самбодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері және дзодо, қазақ күресі, самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері атақтарын иеленген.

Гүлнұр 2004 жылы 11 жасында спортқа келіп дзюдо күресінің алғашқы әліппесін ашты. Арада 8 ай өтісімен облыс біріншілігіне қатысып, іріктеу сыннан іркілмей өтеді. Содан Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 32 келі салмақта алтыннан алқа тақты. 2005 жылы Түрік жерінде өткен IX Халықаралық жарысқа қатысып, жүлделі екінші орынды иеленді. Содан бергі жылдарда талмай еңбектенуінің арқасында талай асуларды бағындырып, ел құрамасының сапында үздік нәтижелер көрсетуде.

Атап айтсақ, 2008 жылы Шымкент қаласында өткен «Жастар ойынында» Қазақстан Републикасының чемпионы атанып «ҚР спорт шебері» нормасын орындады, осы жылдар ішінде Қазақстанның және алыс-жақын шетелдерде өткен 50-ге жуық халықаралық жарыстардың жеңімпазы. 2017-2019 жылдары өткен Азия біріншілігінде 3-дүркін жеңімпаз атанды. 2018-2019 жылдары Әлем біріншіліктерінің қос қоласын қанжығасына басса, Татар жерінде өткен дүниежүзілік универсиада ойындарында тағы да қола жүлдені иеленді. 2019 жылы Оңтүстік Корея жерінде өткен «Дүниежүзілік ойындарында» Гүлнұр қызымыз 55 келі салмақта күресіп, қазақ күресінен Әлем чемпионы атанды. Гүлнұрдың бұл жетістігі ел спортындағы тұңғыш алтын екенін мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, Әлем Кубогы, Азия ойындары және Әлем біріншіліктерінде бірнеше жүлдені иеленген.

Бүгінде Гүлнұр өзі тәлім алған Қаркен Ахметов атындағы Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған республикалық мектеп-интернат колледжінде оқытушы болып қызмет атқарып жүр. 8 – наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай спортшы қызымызды және барлық нәзік жандыларды көктемнің алғашқы шуақты мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK