Латын қарпіне көшу: ой мен пікір

545

Күні кеше «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің   2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығына өзгеріс енгізілді. Жаңа редакция бойынша  ( бұл 2018 жылдың 19 ақпан, Ақорда. №63) латын графикасындағы қазақ әліпбиінде апострафтар алынып тасталды. Сонымен 32 әріпті құрайтын әліпбиде  бірнеше әріп диграф арқылы жазылатын болады.

Осы жаңа редакциядағы  әліпби турасында Талдықорған қаласының тұрғындары мен сала мамандары өз пікірлерін білдірді.

Сандуғаш Рысбаева, «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің» ММ бас маманы:

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі мәселелердің бірі – 2025 жылға қарай қазіргі қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру қажеттілігі туралы  айтылды.  Әр жылғы халыққа арнаған Жолдауында латын  графикасына көшу жолдары, маңыздылығы атап өтілді. Өйткені тілін сүйген, оны қадірлей білген адам өзін де, өзгені де, мәдени құндылықтарды да  қадірлей алады.

Адам-өз сөзінің иесі,  сөздің  қожасы-халық. Тіл-ұлттық мәдениеттің коды. Әліпбиді латын графикасына көшіру, Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейту және ұлттық бірегейлікті сақтау қажеттілігі мен компьютерлік сауаттылықты жоғарылату, шет тілдерін меңгеру және мәдени ашықтықты арттырумен тікелей байланысты болуына негізделген.

Мұрат Қалық,  қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Тарихи тұрғыда бұл қазақ жазуының соңғы екі ғасырдағы үшінші ірі реформасы болады. Бұған дейін 1929-1940 жылдары латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі болды. Содан кейін  орыстың кириллицасына көшірілгені белгілі. Осылай қазақ халқы біраз әліпбиді басынан өткерді.

Ал тәуелсіз ел болғалы латын графикасына  көшу туралы мәселе жиі көтеріле бастады. Бұл туралы Елбасының  Жолдауында нақты айқындалды. Жалпы бұл мәселеге қоғам тарапынан қолдау  тауып отыр. Себебі, ертеңгі болашақ жастарымыз  қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруге бет бұрған. Әлемдік деңгейде білімдерін шыңдайтын, тарихымызды саралауға өресі жетер ұрпағымыз бар деп ойлаймын.   Латын әліпбиіне көшу үдерісі- дәл мерзімінде жасалып отырған шара.

Гүлден Смағұлова, бастауыш сынып мұғалімі:

— Қазақ тілі әліпбиін қазіргі қолданыстағы кириллицдан латын графикасына көшіру туралы   маңызды құжатқа  өзгерістер енгізілді.  Арнайы Жарлықтың жаңа редакциядағы қосымшасына  Елбасы қол қойды.  Әліпбиді латын қарпіне ауыстыру мәселесі қоғамда  жалпыхалықтық қызу қолдауына ие болды. Қазақта: « Көз-қорқақ, қол батыр» деген  тамаша тәмсіл бар.

 Заманауи ақпараттық-технологиялық кеңістікте латын қарпі жаһандық әрі сындарлы құралға айналып отыр. Бұл мәселеге  «жүз ойланып,  мың толғанып» барып нақты шешім қабылдағанымыз баршаға аян.  Тіл мәселесі  талқылаудан өтіп, сарапталды. Бүгінде электронды құралдар жаңғыру үстінде.  Ендігі мақсат жас ұрпақты жаңа әліпбимен оқыту мәселесі- маңызды істің бірі. Бұл –уақыт талабы

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK