Көктем шуағымен ілесе келген 8 — наурыз халықаралық әйелдер күніне орай  Талдықорған қаласының әкімі  Ержан Жасыбаев аналар қауымын құттықтады. І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында  өткен салтанатты жиынға келген аналар, әр саланың қызметкерлеріне  өзінің ақ тілегін жеткізді.

 Қала әкімі Е.Жасыбаев : «Қымбатты аналар! Ардақты да аяулы арулар!

Сіздерді көктемнің әсем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Біздің ата-бабаларымыз  әйел адамның жаратылыстағы орнын «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» — деп, бір ауыз сөзбен жеткізген.

Сіздер, шаңырақтың шырайын келтірер аяулы ана, адал жар, үлгілі қызметкер міндетін қатар алып жүрсіздер.

Талдықорған қаласының тұрмыс-тірлігінде  алтын құрсақты аналар мен еңбеккер қыз-келіншектердің алатын рөлі аса жоғары екенін мақтанышпен айтамыз.

Әйел-Ана барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, тірліктің қайнар бұлағы. Бұл біз үшін, ерлер қауымы үшін үлкен мақтаныш, биік мәртебе. Сол себепті де сіздерге  бас иіп, шынайы ілтипатымызды білдіреміз. Отбастарыңызға амандық, өздеріңізге денсаулық, бақыт тілеймін»,-деді.

 Айтар болсақ,өңір басшысы Амандық  Баталовтың қолдауымен  Талдықорған қаласының әрбір отбасының табысын арттыруға, тұрмысын жақсартуға  үлкен жұмыстар атқарылуда.

Бүгінде қаламызда 4 637 көп балалы аналар бар. Өткен, 2020 жылы 2506 отбасына  мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

 Талдықорғандық 1633 көп балалы ана қалалық қоғамдық көліктерде тегін жол жүру билетімен қамтамасыз етілді.

22 анаға жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін – 12,1 млн. теңге несие (грант) берілді.

Көп балалы 102 отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан  пәтерлер мен жеке үйлер алып, қоныс тойларын тойлады.

Салтанатты жиында қаламыздағы абзал аналар мен әр салада белсенді қызмет атқарып жүрген нәзік жандыларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және қала әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

 «Талдықорған әуендері»  ансамблінің өнерпаздары мерекелік концертте ән мен жырды төгілтіп, мың бұралған биді тарту етті.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK