«Jetisy  media» алаңында  «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының 2020 жылғы жұмыс қорытындылары, 2021 жылға жоспары және гендерлік саясат туралы» тақырыбында БАҚ өкілдерімен брифинг өтті. Спикер «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева   негізгі жұмыстары қорытындылары турасында айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Гүлнар Қожағұлқызы : «Елбасының бастауымен, Мемлекет басшысының қолдауымен «Біз біргеміз» акциясы ұйымдастырылды.  Алматы облысы акция аясында жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Облыстар ішіндегі алғашқы үштіктің қатарынан көріне білді.

«Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық»  және «Жастар Отанға» жобалары негізінде  «BIZ BIRGEMIZ» атты республикалық акция аясында Алматы облысы бойынша 318 889 601 теңгеге 29 607 мұқтаж жанға көмек көрсетілді. Оның ішінде аз қамтылған және көп балалы  отбасы, жалғыз басты қарттар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға азық-түлік себеттері мен антисептикалық құралдар таратылды. «Birgemiz Jetisy» атты  аймақтық  қор құрылып, республикалық «BIRGEMIZ» қорынан аймақтық қорға аударылған  қаражаттан  44 471 жанға 50 000 (елу мың) теңгеден берілді» деп атап өтті.

Сонымен қатар, ішкіпартиялық іріктеу — праймериз науқаны мен ағымдағы жылғы 10 қаңтарда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары жайында баяндап, Сайлауалды бағдарлама және оны іске асыру бойынша Жол картасы турасында  да айтты.

« Өңірлік Жол картасы әзірленді.  Алматы облысында 1910 көрсеткіш пен 6256 іс-шара бекітілген. Биыл 72 медициналық нысанның 20-сы, 81 мектептің 10-ы, жастарға арналған 8 жатақхананың 3-еуі, 65 мәдениет нысанының 4-еуі, 18 спорт нысанының 2-еуі салынады. 2025 жылға дейін 134 мың жұмыс орны ашылады. 188,7 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар, 11,9 шақырым жылумен жабдықтау желілері салынып, реконструкцияланады,  99 елді мекенде газ тарату желілері салынады»  — деген  мәліметтерді тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркістан облысы Мақтаарал ауданына көмек, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, партия жобалары, азаматтардың өтініштерін қарау, партияның бақылау және өкілетті органдары жайында баяндап өтіп,  қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Биылғы  жылы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге орай арнайы бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес аймақтық және аумақтық партия филиалдарының ұйымдастыруымен 12 бағыттан тұратын  700-ден астам іс-шара  өткізу жоспарланып отырған көрінеді.  Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл, Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы, күйші, композитор Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай бірқатар ауқымды шаралар көзделген.

Гендерлік саясат жайлы да тілге тиек етіп, сайлау заңнамасына енген өзгерістерге сай және партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Мәжіліске және мәслихаттарға ұсынылатын партиялық тізімде кем дегенде әйелдерге 30% және 35 жасқа дейінгі жастар үшін 20% квота белгіленген. Осы орайда, «Nur Otan» праймеризі гендерлік саясатқа жаңа леп алып келді. Праймериге қатысқан үміткерлердің 36,7% — әйелдер, 29% — 35 жасқа дейінгі жастар болды. Оның ішінде облысымызда 404 немесе 36,4% әйелдер, 35 жасқа дейін 273 немесе 25% жастар болғандығын жеткізді.

Сайлау нәтижелері бойынша партия атынан облыстық мәслихатқа  37 мандат, аудандық, қалалық мәслихатқа 267 мандаттық орын дауыс беру негізінде берілді.Аудандық,  қалалық мәслихаттардағы 34 депутаттардың әйелдер үлесі 32,1 пайыз, жастар 27,4 пайызды құрап отыр. Облыс көлемінде партия басшылығы мен қоғамдық кеңестерінде әйелдер қауымы басшылық етеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK