Талдықорғанда Қазақстанның жауынгерлік өнер және қазақ күресі қауымдастығының өкілдері облыс спортшыларымен кездесті. Салтанат сарайында өткен жиында бұқаралық спортты дамыту және жастарды тәрбиелеу мәселесі қозғалды, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Басқосуда алдымен бейнеролик арқылы жергілікті спортшылардың жетістіктері көрсетілді. Осыдан кейін Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли аймақтағы спорт саласы қарыштап дамып келе жатқандығын айтып, Нұр-Сұлтаннан келген қонақтарға сөз берді.

Кездесуде Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы мен қазақ күресі қауымдастығының бас директоры Абат Имамбаев еліміздегі барлық өңірлерді аралап жүргеніне тоқталды. Мақсат – салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортқа тәрбиелеу.

«Жетісу жерінен ел намысын қорғаған небір мықты, талантты өрендер шыққанын білеміз. Мұның барлығы облыс әкімінің спортқа жасаған қолдауының нәтижесі», — деді А.Имамбаев.

Бұдан бөлек ол қазақ күресінің ережелерінде үлкен өзгерістер болып жатқанын, енді балуандарымыз батыр бабаларымыз сияқты жалаңаяқ күресетінін айтты. Тағы бір қуаныштысы – төл спортымыздың Назарбаев зияткерлік мектебінде арнайы сабақ болып өтетіндігі. Қос қауымдастықтың басшысы алдағы уақытта қазақ күресін мектеп бағдарламаларына да енгізу жоспарда бар екенін жекізді.

Жалпы, жиын барысында Қазақстан жауынгерлер қауымдастығының қызметі және қазақ күресі федерациясының атқарған жұмысы кеңінен талқыланды. Сондай-ақ, қазақ күресін дамыту және оның кемшін тұстары жайлы бірқатар ұсыныстар тыңдалды.

Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары талқыланған мәселелер алдағы уақытта қарастырылатынын мәлімдеді. Яғни, бірлескен арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бұл бағыттағы жұмыс жанданбақ.

Кездесуден кейін қонақтар өңірдегі спорт нысандарының жұмысымен танысты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK