АЯЛАҒАН АРМАНЫ АДАСТЫРМАЙ КЕЛЕДI…

376
Дереккөз

Киелі Жетісу жеріне танымал, жұртына құрметті, Ақсу және Көксу аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының ауылшаруашылығына еңбегі сіңген  ардагер  Жетпісбаев Жексембай Тәтиұлы мерейлі  80 жасқа толып отыр. Биыл  бұл шаңырақта қос мереке. Өмір асуларын бірге асып, тағдырдың ащы- тұщысын қатар бөлісіп келе жатқан жан жары Қаншайым (Әсия) Сыдыққызымен отау тіккеніне 55 жыл. Парасатты жандардың ғибратты ғұмыр жолдарын бүгін оқырманға айтпақпыз. Олардың басып келе жатқан өмір жолы — толассыз еңбекке толы із. Ошағын құт-береке мекен еткен  қос дананың  өмір мектебінен аларымыз, көңілге түйеріміз  көп-ақ.

Дереккөз

Жетпісбаев Жексембай Тәтиұлы 1938  жылы 21 қаңтарда Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде теміржолшылар жанұясында дүниеге келген. Сол жылы әкесінің бауыры Нұрмолда Алдабергеновтың шақыруымен Шұбар ауылына қоныс аударып, ата-анасы Жаңаталап ауылына мүше болып кіреді. 1946-1956 жылдар аралығында Шұбар орта мектебінде білім алады. Мектеп бітірген соң Ескелді ауданы ХХІІ Партсъезд колхозына мүше болып, екі жыл көлемінде Н. Алдабергеновтың жеңіл М-72 «Победа» жеңіл автокөлігін жүргізеді. Қызмет ете жүріп, қазақ халқының игі жақсылары – Д. Қонаев, Қ. Сәтпаев, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, М. Әуезов сынды ұлағаты адамдардың әңгімелерін тыңдап өсті. Жексембайдың алғырлығын, талабын байқаған Нұр — ағасы оны колхоз атынан Алматыға оқуға аттандырады. 1958-1963 жылдары Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтына түсіп, инженер-механик мамандығы бойынша диплом алып шығады. 1963-1971 жж. ХХІІ Партсъезд колхозына бітірген мамандығы бойынша  бас инженер және колхоздың бастауыш  комсомол ұйымының хатшысы, 1971-1973 жж. ХХІІ Партсъезд колхозының Партия комитетінің хатшысы және басқарма басшысының орынбасары қызметін қатар атқарады. Колхоздың төрағасы  Төлеген Ахшановпен еңбек еткен жылдары  аталмыш колхоз қант қызылшасының 1200 га алқабының әр гектарынан 550 центнерден  тәтті түбір жинады, қой шаруашылығында 100 саулықтан 120-дан қозы алып, республика көлемінде алдыңғы қатарға шығады. Республика деңгейінде Социалистік жарыстың жеңімпазы болғандықтан колхоздың көптеген еңбеккерлері марапатқа ие болады. Колхоздың халық театрының жетекшісі Таубай Әбішбаев, театр әншісі Кенжегүл Әбішбаевалар Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері деген төсбелгі алып үлкен құрметке бөленеді.

1972 жылы Ақсу ауданындағы І. Жансүгіров атындағы артта қалған шаруашылық — Сағабүйенге колхоз бастағы етіп жібереді. «Жас келсе, іске» деген, жігерлі жастың келуімен аз ғана жылдың ішінде Сағабүйен ауылы адам танымастай өзгереді. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру еселеніп, мал басы да өсіп, совхоз еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайы  күннен күнге жақсара түседі. Жексембай Тәтиұлы қызмет атқарған 10 жылдың ішінде І.Жансүгіров колхозының орталығы Сағабүйенде екі қабатты 920 орындық жаңа типті  мектеп, 120 орындық екі қабатты балабақша, машина- трактор шеберханасы, автотұрақ шеберханалары,  тұрмыстық қызмет көрсету үйі, қоғамдық монша, екі қабатты ірі сауда үйлері мен еңселі 100 –ден астам тұрғын үйлер мәдениет үйі бой түзейді. Таудан ауылға таза тұма суы құбырмен жеткізіліп, колонкалар орнатылып, халық ауызсумен қамтамасыз етіледі. Көшелерге асфальт төселеді. Бүйен өзеніне егін шаруашылығы қатты мұқтаж болып жүрген су реттегіш, тосқауыл плотина салынады. Жаңашылдықтың жаршысы болған көркем ауылға сол кезде өткен- кеткен жан соқпай өтпейтін. Бір кездері тұрмысы тұралап қалған Сағабүйен  агро қалашыққа айналады. Жексембай Жетпісбайұлы өзінің еңбек жолы мектебінен бірнеше шәкірттер тәрбиелеген. Ол жақсы басшы болып қана қоймай, арттағы еңбекқор  інілерге демеу, сүйеу болған.  Нұрмолда Алдабергеновтен тәлім, тәрбие  алған ол еңбек жолында осы іс-тәжірибесін кішілермен бөлісіп, ағалық қамқорлығын көрсетіп жүрді.

Жексембай Тәтиұлы басшылық еткен колхоз еңбеккерлері жоғарғы көрсеткіштері үшін үкіметтің бірнеше орден, медальдарын иеленді. Жылқышы Тойлан Айтбаев пен звено жетекшісі Дүйсетай Қоңыров Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болды. Бас агроном Тынышбай Шабдарбаев Мәскеу ВЛКСМ ХХІІ съезіне делегат болып сайланды. Білікті басшының соңынан ерген халқының жүзі еңбекпен жарқырады. Колхоз барлық көр-
сеткіштен облыс көлемінде алдыңғы қатарда болғандықтан ол тәрбиелеген мамандар аудан шаруашылықтарына басшылық қызметтерге көтерілді. Партия ұйымының хатшысы Сыдық Баяманов  Діңгек совхозына директор, кейін Жамбыл ауданының әкімі болды. Агроном Әскербек Дүйсенбеков Ленин атындағы совхоздың директоры, кейін Ақсу ауданының әкімі, бас агроном  Тынышбай Шабдарбаев Қызыл ту совхозына директор, орынбасары Амантай Зияданов Жаңақоғам совхозына басшы, агроном Қуантай Ермұханбетов Қосағаш совхозына директор болып көтеріліп, жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленді.

1983-1997 жылдар аралығында Көксу ауданындпғы Куйбышев атындағы колхоздың басқарма төрағасы болып сайланады. Шаруашылық таулы-қыратты жерде орналасқандықтан негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Осыған дейін бұл шаруашылықты білікті, білімді Жылқайдар Егінбаев, Қайрат Қанаев, Сейдахмет Нысанбаев, Қойшыбай Бәкенов сияқты іскер басшылар басқарған. Олардың еңбегін әрі қарай жалғастыруды өзіне аманат деп санаған Жексембай Жетпісбаев қызметке әдеттегідей бар ынтасымен кіріседі.  Жемісті еңбегінің арқасында колхоз әр жүз саулықтан 103-105 қозы, егіншаруашылығында тәлімді жерден астықтың әр гектарына 25-30 центнер өнім алып, аудан көлемінде алдыңғы қатарда болады. Ауыл экономикасы нығайып, су құбыры, мәдениет үйі, үш қабатты орта мектеп салынып, көшелерге асфальт төселіп, 50-ден астам тұрғын үй салынады. Алыс мал қыстақтарындағы малшылардың үйлері мен қоралары толық жаңадан салынады. Мемлекетке ет-сүт өнімдерін тапсыру жоспары асыра орындалады. Қызу еңбекпен қайнаған жалынды жылдарын Жексембай ата былай деп еске алады: «Аруақты бабаларымыз — Ескелді, Балпық би, Қаблиса жырау аталарымыздың меретойларына үлес қосып, ұйымшылдықпен өтуіне ат салыстық. Орта мектепке Қаблиса жырау есімін беріп, үлкен ескерткіш орнаттық. Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға арнап көрнекі ескерткіш қойылды. Осындай игі істердің нәтижесі болар, ел ризашылығын білдіріп, олардың алғыс сезімдерін естіп жүрдім. Жастардың, балалардың қуанышын көргенді үлкен мәртебе санаймын»,- дейді еңбек
ардагері.

Жексембай Тәтиұлының көпжылғы қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. 1987-1994 жылдар аралығында Талдықорған облысында 42 колхоздың арасында Облыстық колхоздар кеңесінің бастығы және Қазақстан Республикасы колхоздар кеңесінің  мүшесі болып сайланып, колхоздар тараған уақытқа дейін қызмет атқарады.

Жары Қаншайым (Әсия) Сыдыққызы  бүкіл ғұмырын бала оқытуға арнаған. Иә, ұстаз жүгі–ауыр жүк. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу – бұл нағыз шеберлік емес пе?! Қоғамдағы арқалаған жүгі ең ауыр, жауапкершілігі салмақты қызметтің бірі де бірегейі — ұстаз еңбегі деп жатамыз. Осындай қызметпен қатар отбасы — ошағын қатар алып жүрген Әсия  Сыдыққызы сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, істеген ісі, парасат-пайымы,білімінің тереңдігі мен жан-жақтылығы арқылы шәкірттеріне үлгі бола білді. Ардагер ұстаз өзі жайлы былайша сыр шертті: «Адам баласы өткен өмір жолына көз жіберіп, ойға қалады, болашағына барлау жасап, арман етеді. Өмірдің қозғаушы күші сол арман ғой. Қырық жылдан астам ұстаздық жолымда қиын да қызықты сәттерді бастан кешірдім. Өмірімнің шуақты да қуанышты жылдарын жас ұрпаққа арнадым.»

Қаншайым Сыдыққызы 1942 жылы наурыз айында Алматы облысы, қазіргі Қабанбай ауданына қарасты Қарлығаш ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Екпінді орта мектебін үздік бағамен бітіріп, 1958 жылы Қазақ қыздар педогогикалық институтына қабылданады. 1963 жылы «Химия- биология» факультетін қызыл дипломмен аяқтайды. Жоғары білімді педагог аңсаған арманына қол жеткізіп, маман атанады. Өмірінің ең шуақты жылдарын қызығы мен қиындығы ұштасқан ұстаздық мамандығынан бастайды. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының түлегі Жетпісбаев Жекенмен дәм- тұзы жарасып, отбасын құрады. Екі жас қол ұстасып, Жекен ағаның өскен жері, Ескелді ауданының атақты 14 Еңбек Ері шыққан Нұрмолда Алдабергенов ауылына оралып,  Матай Байысов атындағы орта мектепте химия-биология пәнінен мұғалім болып орналасады. Алғашқы күннен –ақ, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ол кезде жас маманға қойылатын талап та зор. Міндетіне мұқият, қызметіне тиянақты бола білген ол бір жылдан соң «Жақсы химик», «Жақсы мұғалім» атағын иеленеді.Талапты жас ұстаз терең білімінің нәтижесінде 1968 жылы оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1972 жылы отағасы екеі Ақсу ауданының Сағабүйен ауылына жас маман ретінде жіберіледі. Қаншайым апай Т.Тоқтаров атындағы орта мектепте директор қызметін атқарады. Сол кезеңде ол білім ордасы ауданның бетке ұстар мектебінің бірі болды. Білікті мамандар Жансүгіров колхозының көркейіп, өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Еңбектері жанып, ауыл гүлдене түседі. Шаруашылық табысын халқымен бірге тойлап, реніші болса, ортақтасып, бөлісе білді. Сол жылдары Қаншайым Сыдыққызы толассыз, ізденіске толы ұстаздық қызметінің жемісі «Қаз ССР Оқу ісінің үздігі» атағын алады. Тәрбиелі екі жастың көтерген шаңырағы құтханаға айналып, 2 қыз 3 ұлды алақанға салып, мәпелеп өсіріп, барлығына жоғары білім берді. Қазір 16 немере, 5 шөбере сүйіп отырған құрметті ата мен әже.

Бүгінде Жексембай Тәтиұлының  Ақсу, Көксу  аудандарында шаруашылық басқарған еселі еңбегі ескеріліп, қос аудан «Ауданның Құрметті азаматы» атағын берді. Зейнет жасқа шықса да, Қаншайым Сыдыққызы екеуі — Талдықорған Ардагерлер ұйымына мүше. Жастарға тәлім-тәрбие беріп, әлі де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында келеді.

P.S. Атағы айға жеткен Нұрмолда Алдабергенов «Ақ келін» деп атаған Әсия апамыз  Жексембай  атамен бірге өсіп- өнген,  өнегелі, ырысты шаңырақ иелері. Өмір кемесінде 55 жыл қол ұстасып келе жатқан  оларға қарап, қазіргі жас жұптар бой түзейді. Екі жанның тату- тәтті, сыйластықпен өрілген сәнді ғұмырлары — бізге өнеге, үлгі.

Динара Аужанова.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK