Бүгінде елдегі жемқорлық дерті өршіп бара жатқан тәрізді. Басқа емес қара қылды қақ жарып, төрелік айтар сот жүйесін де шарпыған бұл індет қарапайым халықтың заң саласына деген сеніміне үлкен селкеу түсіргені анық. Тіпті, жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары сот судьясының пара алды деген күдікпен ұсталуы масқара жағдай деп сипаттады. Бұл көзғарақты әрбір жанға  «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса, не себесің?» деген халық даналығын еріксіз еске салады.

 Осыған байланысты, Алматы облыстық сотында сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес өтті. Онлайн өткен жүздесуге өңірдегі әрбір аудан, қалалармен облыс орталығындағы сот саласының қызметкерлері, азаматтық сектор өкілдері қатысты. Парақорлық қылмыстарының алдын алуға бағытталған бұл шараны облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасы ұйымдастырған.

 Басқосуда сөз алған облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев: «Бүгінгі таңда сот жүйесінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің анықталғаны бұл өте қорқынышты жағдай. Себебі сот саласында сыбайлас жемқорлықтың орын алғанының өзі соттардың бейтараптылығы мен адалдығы қағидатына қайшы. Әрі ондағы қызметті тиімді әрі пәрменді іске асыруға кедергі келтіреді.  Ең бастысы әрбір заң бұзушылыққа  әділ шешім шығарады деген бүкіл сот жүйесіне деген халықтың сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан судьялар Заңның белді өкілдері бола отырып, таза да мінсіз беделге ие болулары шарт», – деді.

Сондай-ақ ол: «Сот органдарында сыбайлас жемқорлықтың туындауына жол бермеу бойынша белсенді алдын алу жұмыстары жүргізілуі қажет. Онда профилактикалық жұмыс тек дәрістер мен семинарлармен ғана шектелмей қайта судьялар арасында сыбайлас жемқорлықтың туындау себептерін анықтау мен талдау жүргізілуі керек. Бұл үшін соттарда ішкі қауіпсіздік қызметтері бар, олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзуға жол бермеуге бағытталған кешенді алдын алу іс-шараларын тұрақты негізде жүргізуі тиіс», -деп атап айтты.

Кездесуде азаматтық сектор өкілі, аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруды сыртқы талдау және бағалаудың арнайы мониторингтік тобының төрағасы Виктор Тен соңғы өзгерістер жайында кеңінен тоқталып,  сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларының кейбір аспектілерін түсіндірді. Осы орайда «Жетісу-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Аманжол Жазықбаев сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың проблемалық мәселелерін тілге тиек етті.

Жиын соңында облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Досымбет Қалдарбек қатысушыларға Алматы облыстық сотында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды таныстырды

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK