Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле

760
Дереккөз

Бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне баса назар аудара отырып, “Руыңды сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле”- деген. Санада қыз бала — ұлттың айнасы, бір қыз -бір ауылдың анасы деген түсінік қалыптасқан. Алайда, аға буын өкілдері бұл ұғым қазіргі таңда өткен күннің еншісінде қалып бара жатқандай деп күңіренеді.

Оған себеп те жоқ емес. Көз алдыларында жүрген өрімдей қыздар сырт көзге тәнін көрсетуден арланбай, опа-далаптың түр-түрін пайдаланып, табиғи сұлулықтан алыстап кеткендері жасырын емес. Ол ол ма, темекі түтінін будақтатып, ішімдікке сылқия тойып алатындармен де жиі  ұшырасамыз. Өкініштісі сол, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Батыстың бейәдеп тәлім-тәрбиесін қомағайлана жұтып жатырмыз, жұтып жатырмыз. Яғни, қазақилықтан алыстап бара жатқандаймыз. Бала — үйде, ата-ана — түзде. Күн-көрістің қамымен жүріп, бала-шағасы өз-өзін тәрбиелеп жатқандары да баршылық. Бұл XXI  ғасырдың көрінісі. Жанұяның да, жұмыстың да бабын бір мезетте дөңгелетіп отырған алдыңғы толқын аға-әпкелер “Отбасы, ошақ қасына жеткілікті көңіл бөлінбегендіктен айтқанға көнбейтін, қыңыр мінезді тентектер көбейеді”-дейді. Ананың қызға тиісінше көңіл бөлмеуінен аяғын шалыс басып, артынша өмір бойы опық жеп жатқандар да бар. Сосын, екі жақ та бармақ тістеп, өкініш өзектерін өртейді кеп. Осындайда халқымыздың “Құдай, бала бер, бала берсең — сана бер, сана бермесең, қайта өзіңе ала бер”-деген нақылы еріксіз ойға оралады. Тұрмысқа шықса киелі бесік тербететін қаракөз қыздардың теріс жолға түскені кім-кімнің де жүрегін сыздатары хақ. Алматы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы аталмыш олқылықтарды болдырмау  мақсатында  «Ерте жүктілік және оның алдын алу жолдары» атты семинар-тренинг өткізді. 150-ге жуық  бойжеткен  қатысқан шарада мамандар  ерте жүкті болудың зиянын ескерте отырып, қыз бала тәрбиесі жайында орамды ойларын ортаға салды. Жиынға арнайы қатысқан Талдықорған қалалық емханасының гинеколог маманы Н.Бирюкова, Алматы облысының дін істері басқармасының маманы А.Тұрлықожа қыздарды осы мәселе төңірегінде жан-жақты ақпараттандырып, сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ,  жастар ресурстық орталығының психологы А.Садуова «Case Study» технологиясы бойынша тренинг ұйымдастырды.

Дереккөз

 Алтын Садуова, жастар ресурстық орталығының психологы:Өкінішке орай, ерте жүкті болу, жасанды түсік жасату сынды жағдайлар жиі болып тұрады. Бірде алданып қалған 21 жасар қыз әлеуметтік желі арқылы біліп, көмек сұрап арнайы келген  болатын. Анама айта алмаймын, оқу орнымдағы психологқа бара алмаймын дейді. Онымен 3 ай жұмыс жасадық. Қазір ол қызда барлығы жақсы. Өмірге деген көзқарасы өзгеріп, құлшынысы артты. Халқымызда “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деген тамаша сөз бар емес пе? Қиыншылықтардың алдын алу мақсатында осы тақырыпта семинар-тренингтерді жиі өткіземіз. Себебі, жасыратыны жоқ аналарымыз қыздарымен бұл тақырыпта ашық сөйлесе алмайды. “Ұят болады, қызыммен бұл туралы қалай ой бөлісемін?” деген сұрақ туындайды. Қазақы менталитетімізге сәйкес орынды. Алайда, қазіргі заманда батылдық танытып әңгімелесу аса қажет. Егер өзі нақты жеткізе алмаса, әртүрлі кітаптар ұсынғаны абзал. Қыздардың басым көпшілігі бұл жағдайға білмегендіктен тап болатынын ескерген жөн. Егер отбасында мұндай ситуация орын алса, тек бір жақты ғана емес, ата-ана, психолог, дәрігер бірлесе жан-жақты жұмыс жасауы қажет. Ата-ана “Елге қарабет болдық” деп байбалам салып, өз беделін, атақ-абыройын емес, баласын ойлауы тиіс. Болары болып, бояуы сіңіп кеткен соң, уақытты кері қайтара алмасымыз анық. Қандай да бір қателік кетсе, ең әуелі бала зардап шегеді. Айналадағы адамдардың көзқарасы, жағымсыз пікірлері, қоғамның қызу талқысы әсер етіп, өзін-өзі кінәлайды. Осыдан кейін суицид орын алуы ықтимал. Қайғылы  жағдайға дейін жетпес үшін, атап өткенімдей мамандармен тиісті жұмыс атқару керек.

Біз қыздармен үнемі тығыз қарым-қатынаста болу үшін “Сырласу” клубын аштық. Мұндағы мақсат – қыз балаларды әдептілікке, инабаттылыққа, ар тазалығын жоғары ұстауға бағыттау. Арулардың тәрбиесіне қатысты  бірқатар іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырдық. Одан бөлек білім беру мекемелеріне, жатақханаларға, аудан орталықтарына арнайы барып, көкейлерінде жүрген сауалдардың жауабын бірге тарқатуға тырысамыз. Жасырын сауалнама жүргізе отырып, қандай өзекті мәселе бар екендігін білдік. Соған сәйкес жұмыс жоспарын бекітіп, біртіндеп жүзеге асырудамыз.

Осы орайда жігіттердің де пікірлерін тыңдап көруге тырыстық. Алайда, басым көпшілігі ойын ашық айтудан бас тартты. Ал, бірі жасырын түрде жеткізуді қалады. Дегенмен де қыз тәрбиесіне бей-жай қарамайтын азаматтың айтары бар.

Санжар: Мен қалада туып-өскен жігітпін. Бірақ қыздардың қарапайымдылығын ерекше қадірлеймін. Тым заманауи арулардың қылықтары шектен шығып кететін сияқты. Халқымыз “Қызға қырық үйден тыйым”,  “Ұят болады” деп тәрбиелеген ғой. Осы санаттағы қыздар меніңше “Ұят” деген сөздің астарын түсіне бермейді. Жігіт болғаннан кейін әртүрлі ойын-сауықтық орталықтарда жүреміз. Мені бір қынжылтатыны, сондай орындарда қыздар көп жүреді. Егер қатты айтсам оқырманнан кешірім сұраймын, кейбір қылықтарына қарап жиіркенесің. Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді.  Қыздар өздерін дұрыс ұстаса, ешқандай мәселе де туындамайды. Қазір өздеріңізге белгілі дүйім елді шулатып жүрген бағдарлама бар. Соған қарап отырып, қай заманда қазақтың қыздары жарияға жар салып өзінің теңін іздеген екен деп ойланасың. Мен өз жеке басым, сондағы қыздарды өмірлік жар етіп таңдамас едім. Ертең ол қыз ұрпағыма қандай тәрбие бермек? Бұны ойлаудың өзі қорқынышты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қасын жұлмаған, жасанды кірпік жабыстырмаған, өзіне жарасымды тәтті қылығы бар, шектен шықпайтын, тазалыққа жаны құмар арулар кез келген жігіттің арманы әрі таңдауы деп білемін.

Дереккөз

Жұмабала Балақаранова: Жалпы қыз баланың қоғамдағы алатын орны ерекше. Ол келешектегі қоғам мүшесін дүниеге əкеліп, соны өз дəуіріне, ел-жұртқа пайдалы азамат етіп тəрбиелейтін басты тұлға. Сондықтан қыз баланың оң жақта, яғни, ата-анасының үйінде жүргеннен бастап алатын тəрбиесі де ерекше болуы шарт. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі «деген ғой бабаларымыз. Əсіресе,  анасы, апа- жеңгелері қыз балаға шаруаға икемділік, ісмерлік, сыпайылық, жинақылық, тазалық, инабаттылық, туған-туыстармен қарым-қатынастағы ізеттілік сияқты қасиеттерді үйретіп, санасына құйып отырса жөн болар еді. Бүгінгі күні аналар уақыт жоқтығын желеу етіп осы дүниеге көп көңіл бөле бермейді деп ойлаймын. Өз қатарластарыммен əңгімелесе қалған жағдайда келіндерінің бойында осы қасиеттер кемшін тартып тұратыны жиі сөз болып жатады. Бүгінгі қыздарымыз, көпке топырақ шашудан аулақпын, дейтұрғанмен, тым еркін, өзі білетін болып келеді. Сөйлеген сөздері мен адамдарға қарым-қатынасында оғаштық, дөрекілік байқалып қалады. Қатты, анайы сөздерді қосып сөйлеу, дарақылана күлу, қымсынбастан темекі шегіп тұру жиі кездесіп жатады. Жалпы, қазіргі біздің қыздарымыз, эволюцияның əсері ме, өте əдемі. Сол əдеміліктерін қосымша əрлеумен бүлдіріп жататындары ұнамайды. Жасанды кірпік, тікендей  қасының формасы келіспей тұрады кейде. Бұрынырақта ата-аналар қыздарының мезгілсіз опа-далапты қолдануына рұқсат етпейтін. Қазір мектепте өтетін іс-шараларға кіп-кішкентай қыздарды баттастырып бояп əкеліп жатады. Өкшесі биік аяқкиім кигізеді. Осының бəрі əлі жетіліп болмаған ағзаға зиянын тигізіп жататынын аналарының өздері білмейтін сияқты. Екінші жағынан алсақ, боянып, ерекшеленіп тұрған қызға жақсының да, жаманның да көзі түседі, қыздың өзіне желік бітеді. Дəл осы жағдайлар түрлі қылмыстың туындауына ықпал етуі əбден мүмкін ғой. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе, қара құлдан тыю»деген сөз бекер айтылмаса керек. Қыз баланы тыйып ұстағаннан кемшілік көрмейміз. Балғын, əлі ақылы толыспаған қыздардың ойнақтап жүріп от басуы да осы тыйымның болмағанынан. Жалаңаш кеуде, жыртық шалбар, қысқа көйлек, оғаш қимыл -осының бəрі теріс бағытқа жетелейтін факторлар. Бояу арқылы қыздар өз жасынан ересек көрініп, біреулердің жаман ойын қозғауы əбден мүмкін. Сондықтан, неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым көзқарас дұрыс болады деп ойлаймын. Əсіресе, көпшілік орындардағы қыздардың мінез-құлқы елдің назарына қатты ілігеді. Пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде :»ұяттылық пен əдептілік əрқашан қайырлы істерге бастайды «делінген екен. Сондықтан əр отбасында осы ұят сөзінің мағынасы толық қуатталып отырғаны лəзім. Сонымен қатар қыз бала шаңырақтың тірегі болғандықтан үй шаруасына қатысты əрекеттерді мейлінше меңгергені жөн . Киім тіге білу, ас-ауқат дайындау, жыртықты торлау, түйме қадау ұсақ -түйек шаруа болып көрінгенімен, күнделікті тұрмыста аса қажет. Жас кезімізде анамыз кешкісін, жұмыстан келген соң осыларды отырғызып қойып үйрететін. Оның сыртында кесте тігу, шілтер, шұлық тоқу сияқты шаруаны қасына алып отырып үйрететін. Бүгінде бəрі дайын болған соң ба, көп мəн бере бермейтін болып барады. Бесаспап болғанның зияны жоқ.

P.S. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді рухани қазынамызды жоғалтпай,  ақылы мен ажары тал бойына жарасқан арулар да аз емес. “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” деп көпшіліктің таңдайын қақтырған мақтаныштарымыз да жүр ортамызда. Есімі аңызға айналған Домалақ ана, даналығымен белгілі Айша бибі, ана мен баланың пірі Ұмай ана, қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүк, ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан Ләззат пен Сәбира, қазаққа Абайдай дананы сыйлаған Зере мен Ұлжан, шоқ жұлдыздай ағып өткен Шоқанды тәрбиелеген Айғаным…  Әрдайым есімдері мен ерліктері күні бүгінге дейін халық жадында сақталған осынау аяулылардың ізін жалғастырушы екенімізді ұмытпағанымыз абзал. Біреуді мақтап немесе керісінше даттаудан аулақпыз. Өзім де — сол нәзік жанды арулар қауымының бір өкілімін. Бар болғаны қазіргі таңда куә болып жүрген көріністерімізді тізбектеп шықтық. Біз тек сұлулар қауымының тура жолдан таймай, “Қазақ қызы” деген ғажап атқа қашанда лайық болғанын қалаймыз.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK