Анықтама алу жеңілдеді

706
дереккөз

Бұдан былай азаматтардың мекенжай және жылжымайтын мүлікке тіркелгені, оның бар-жоғы туралы анықтамаларды қағаз жүзінде апарудың қажеті жоқ. Бұл  туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов мәлімдеген.

Аталған корпорацияның баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевтің тапсырмасымен электрондық үкімет порталында «Анықтамасыз қызмет» — «Paper free»  сервисі іске қосылған. Жаңа пилоттық жобаға сәйкес SMS-хабарлама арқылы қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда үшінші тұлғаларға ақпараттық анықтамалар ұсынуға мүмкіндік береді. Атап айтсақ, биылғы жылдың  25 қаңтарынан  5 ақпанға дейін халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жалпы 312 мың электрондық анықтама берілген. Осыған байланысты жүргізілген сауалнамада анықтамалардың 45 пайызы коммуналдық қызметтер мен білім беру мекемелеріне тапсыру мақсатында алғаны анықталған.

Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер оқушылардан мекенжай анықтамасын сұратады.  Сонымен миллиондаған ата-ана ХҚО-ға ағылады. Егер «Paper free» сервисі енгізілсе, оқу орындары электрондық үкімет порталынан қажетті құжатты сұрата алады. Ал, қызмет алушы, яғни, ата-ана SMS-хабарлама арқылы электрондық анықтама алуға бір реттік рұқсат бергенін растап, фронт-офиске бару міндетінен құтылады.

Бұл сервисті қолдану үшін мобильді азаматтар базасына тіркелу қажет.  «Анықтамасыз қызмет» механизміне сәйкес мүдделі тұлға электрондық үкімет порталында авторизациядан өтуі тиіс. Сосын «Үшінші тұлғалардың анықтама алуы сервисі» бөлімін таңдап, қай азамат туралы мәлімет алғысы келеді соның жеке сәйкестендіру нөмірін жазуы тиіс. Егер азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, мүдделі тұлға анықтама түрін таңдап, өзінің электрондық-цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сол сәтте портал автоматты түрде азаматқа SMS-хабарлама жолдап, үшінші тұлғаға мәлімет беру, бермеу жөнінде шешім қабылдауды сұрайды. Азамат екі сағаттың ішінде жауап беруі тиіс.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында іске қосылған «Paper free» нәтижесінде қағаз жүзіндегі анықтамалар саны 24 миллионға дейін кеміп, халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің қатары да азаяды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK