Бір өлеңі – бір әлем

2425
Дереккөз

Күллі қазақ  жырларымен сусындап өскен Қарасаздың қара баласына  биыл — 90  жыл. «Мен XXI ғасырдың құрдасымын» деп өзі айтқандай, ол ғасыр мен ғасырды жалғастырған алтын көпір. Сондықтан болар, оның  жырларын оқыған әр адам өз тағдырымен тілдескендей күй кешеді.  Қиял қырларына жыр еккен поэзия патшасы өлеңнің мәңгілік өлмейтіндігін дәлелдеп кеткендей. Қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік тұлға Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден  «Жырлайды жүрек» III республикалық байқауы мәресіне жетті.

Байқау эстрадалық және дәстүрлі ән аталымдары бойынша өткізіліп, еліміздің 14 облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 82 өнерпаз қатысты. Онлайн іріктеуден  өткен 20 қатысушы байқаудың қорытынды кешіне жолдама алып, Жетісу төрінде өнер көрсетті. М.Мақатаев өлеңдеріне жазылған әндер мен жаңа таланттарды анықтау, шығармашылықтарын шыңдау, ақын мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өтер облыстық байқау мерейтой аясында ағымдағы жылы республикалық деңгейде ұйымдастырылды.Үміткерлер өнерін Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әлия Жақыпбекова мен Сая Есенгелдинова бағалады. Нәтижесінде дәстүрлі ән номинациясы бойынша бас жүлдені Алматы облысының өнерпазы Есбол Шаңбаев, I орынды Нариман Абдрахманов пен шымкенттік Қылышбек Сынабай, II орынды Ақжол Өсербай мен Еркебұлан Қарыпов, III орынды елордалық Айбала Бейсенова мен Түркістан облысының намысын қорғаған Алмас Қырғызалиев иеленді. Ал, эстрадалық ән номинациясы бойынша бас жүлдеге Назерке Нұраддинова, I орынға Мәулеш Әбжапаров, Жалғас Сағындықов пен Ермек Айсынов дуэті, II орынға Нақыпбек Жарас пен Айдана Ұшмамбетова дуэті, Нариман Жолдасбеков, III орынға   Әлімбек Бексұлтан мен Ақерке Құрбан, Мәди Шекербеков лайық деп танылды.

Айта кетейік, мерейтой аясында өткізілер шаралар мұнымен тоқтамақ емес. Ақынның туған мекенінде жалғасын табатын болады.  Жолдар жасалынып, әлеуметтік нысандар жөндеуден өтіп,  Райымбек ауданында  ескерткіш орнатылады. Сондай-ақ, Орынбай Жанайдаров ақиық ақынның өлеңдерін орыс тіліне тәржімалаған «Возвращение ласточки» жинағы 500 данамен жарық көріп, облыс жұртшылығына ұсынылады. Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында  «Мұқағали» қойылымы сахналанып, ғылыми тәжірибелік конференциялар,  түрлі деңгейдегі көрмелер мен кездесулер, танымдық сағаттар өткізіледі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK