Латын графикасына көшу – заман талабынан туындаған шешім. Қазақ тілі қаншама жыл орыстың кирилл әліпбиіне, яғни, соның ережесіне бағынып келді. Егер келешек ұрпақтың қамын ойлап, ана тіліміздің табиғатын сақтап қалғымыз келсе, уақыт оздырмай дәл қазір өзгеріс жасауымыз қажет. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында былай деген:

«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады».

Күні кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізді. Аталған жиында үкімет басшысы жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отырғанын айтты.

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге  кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», — деді А.Мамин.

Өте дұрыс, қолдаймын. Енді бізге премьер-министр айтқандай латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек.

Жандос Байкамитов,

Алматы облыстық қоғамдық келісім орталығы

директорының орынбасары

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK