2030 жылға дейін Алматы облысында жаңартылған энергия көздерінің 76 нысанын іске асыру жоспарланған. Бұл туралы аталған өңір әкімі Амандық Баталов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпаратқа сілтеме жасап taldykorgan-online.kz.

«Алматы облысының аумағында Қазақстанның су энергия ресурстары қорының 65 пайызы шоғырланған. Сол сияқты Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізі жел электр стансаларының әлеуетті құрылысының бірегей алаңдары болып отыр. Бұл осы саланы белсенді инвестициялау үшін қолайлы жағдай туғызып отыр. Мәселен, бүгінгі таңда облыста жалпы белгіленген қуаты 332,4 МВт болатын жаңартылған энергия көздерінің 32 нысаны жұмыс істейді, оларға 50,1 млрд теңге инвестиция тартылған», — деді өңір әкімі Үкімет отырысында. Оның айтуынша, соңғы 5 жылда өңірде жиынтық қуаты 250,4 МВт болатын 18 нысан пайдалануға берілді. «2020 жылы жалпы белгіленген қуаты 62,9 МВт болатын 4 жоба іске асырылып, 14,4 млрд теңге инвестиция салынып, 30 жұмыс орны ашылды. Ал биыл жалпы қуаты 154,6 МВт, құны 84 млрд теңге болатын, 63 жұмыс орны құрылатын 7 жобаны жүзеге асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Ал жалпы 2030 жылға дейін облыста 76 нысанды іске асыру жоспарланған», — деді облыс басшысы А.Баталов

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, ҚР Энергетика министрлігімен және «KEGOK» АҚ-мен келісіліп, облыстағы жеті ауданда кернеуі 110-220 кВ 1,3 мың шақырым әуе желілерін электрмен жабдықтау схемаларын дамытуды көздейтін «Алматы облысының оңтүстік-шығыс аумағын электрмен жабдықтау» жобасының ТЭН әзірленді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK