Талдықорған қаласының «Жастар» спорт сарайында волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында Қазақстан Республикасы Чемпионатының IV тур ойындары өтуде.

Жарыс «Жетісу» кәсіби волейбол клубының жеңісімен басталды. Жерлестеріміз Өскеменнің «Алтай-2» командасын 3:0 есебімен ұтып, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Жетісулық волейболшы қыздарды осы турдағы алғашқы жеңістерімен облыс әкімі, волейболдан спорт шебері, Қазақстан Волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы қаласы мен Алматы облысы Волейбол федерациясының президенті Амандық Баталов құттықтады. Келесі күні де жеңіс жерлестеріміздің пайдасына шешілді. Спортшыларымыз Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» командасымен кездесіп, 3:1 есебімен алға шықты.

Жарыстың үшінші күні жетісулықтар Шығыс Қазақстан облысының «Алтай» командасымен кездесті. Қос команданың бәсекесін көруге жанкүйерлердің жиналғаны соншалық, зал лық толды. «Жетісу» командасына қолдау көрсету үшін Амандық Баталов арнайы келіп, ойынды тамашалады. Алайда, қыздарымыз бұл жолы сенімді ақтай алмады. Бастапқыда тепе-теңдікті ұстап тұрған «Жетісу» командасы қарсыластарына төтеп беріп, қарымта шабуылдар жасап отырды. Дегенмен, алтайлықтар қарқын қосып, ұпайларын үдете түсті. Бірінші және екінші кезеңде 21:25, 23:25 есебімен Шығыс Қазақстан облысының қыздары алға шықты. Ал, үшінші кезеңде жерлестеріміз қорғанысқа күш салып, сондай-ақ жойқын шабуылдарымен қарсыластарына сес көрсете білді. Нәтижесінде, 25:21 ұпай санымен алға шықты. Соңғы төртінші кезеңде қос команда да тартысты ойын өрнегін ұсынды. Ойынның соңғы минуттарында есеп тең болып келе жатқан. Алайда, «Алтай» командасының қыздары басымдық танытып, 21:28 ұпаймен жеңісті жұлып алды. Қорытынды есеп 1:3.

Бүгін «Жетісу» спортшылары Павлодар қаласының «Ертіс» командасымен ойнайтын болады. Жарыс 19 ақпанға дейін жалғаспақ.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK