Талдықорғандағы тұрғын үйлердің бірінде газдың атылуынан өрт шығып, бір адам қайтыс болды, — деп хабарлайды Nur.kz ке сілтеме жасаған Тaldykorgan-online.kz

«2021 жылы 7 қаңтарда кешке, Талдықорған қаласының Жетісу ықшамауданындағы №27 көпқабатты үйдің 4 қабатында орналасқан бір бөлмелі пәтерде газ-ауа қоспасының атылуынан өрт шықты», — деп хабарлады ТЖД.

Өртті сөндіру кезінде көрші пәтерден баспалдақтың көмегімен екі адам құтқарылған, тағы 30 адам, оның ішінде төрт бала қауіпсіз жерге шығарылған.

Сонымен қатар жанып жатқан пәтерден өрт сөндірушілер 1954 жылғы азаматтың күйік шалған денесін тапқан.

Өрт толықтай сағат 18:54-те сөндіріліп, оның жалпы ауданы 36 шаршы метрді құраған. Оқиға орнында Алматы облыстық ТЖД психологтары жұмыс істеуде.

Өрт салдарынан пәтер толықтай бүлінбеген, алайда пәтердегі және кіреберістегі терезелер сынған. Газ-ауа қоспасының атылуының алдын ала себебі — 25 литрлік газ баллонынан газдың шыға бастауы.

Үй негізінен орталық газбен жабдықталған екен. «Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінен — ​​35 қызметкер, 10 бірлік техника; Талдықорған полиция басқармасынан — 8 қызметкер, 3 бірлік техника; газ қызметінен — 7 жұмысшы, 2 бірлік техника; су арнасынан — 1 бригада; жедел жәрдемнен — 4 бригада; электр желісінен — 1 бригада; жылу қызметінен — 2 адам, 1 бірлік техника жұмылдырылды», — деп атап өтті ведомство.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK