Егемендік елдігіміздің бастауы және бәріміздің ортақ құндылығымыз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы жарияланды.  Мақалада ел Тәуелсіздігінің бекуі мен нығаюы жолында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар атап көрсетіліп, болашаққа бағдар жасалды.

Сондай-ақ, ел Президенті: Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр, — деп тұжырымдады.

Сонымен қатар жастарға үлкен сенім артып, елдің ертеңі жастар екенін тағы бір мәрте еске салған  Мемлекет басшысы: — Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі керек. Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс, -деді.

 Міне, бұл тамырын терең жайған ұлтымыз тарихының айқын айғағы. Тәуелсіз еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерінің жарқын жемісі. Біз Мемлекет басшысы атап айтқан  әрбір тұжырды ойды бағамдап, ел үшін  аянбай еңбек етуге әзірміз.

Ернар Мақажанов,

Алматы облысы сыбайлас

жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

 департаментінің басшысы.  

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK