Жастарды жұмыспен қамту — басты назарда

519
Фото авторы А.Нұршанов

Өткен жылы Талдықорған қаласының тұрғындарының саны 169 мың болса, бұл көрсеткіш биыл 172 мыңға жетті. Соның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастар саны 40 мыңнан астам. Қоғамда жас буынды жұмыспен қамту мәселесі назардан тыс қалмаған.  Аймағымызда жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу мақсатында бірқатар шаралар атқарылуда. Нәтижесінде 2017  жылы шаhарымызда жұмыспен қамту деңгейі 0,2%-ға артып, 84,2% құрады.

2017 жылы 240 жас түлек 87 мекеме мен кәсіпорындарда тәжірибеден өтіп, 98 жас тұрақты жұмыспен қамтылған. Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев тұрғындармен кезекті есепті кездесу барысында 6 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілгенін тілге тиек ете, олардың қорытындысы бойынша қайта даярлық курстарына – 275, жастар тәжірибесіне – 98, әлеуметтік жұмыс орындарына – 63, қоғамдық жұмыстарға – 315 адам жіберілді деп атап өткен болатын. “Талдықорған қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы” КММ  мәліметіне сүйенсек ағымдағы жылы “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы шеңберінде  170 жас түлекке жолдама беру жоспарлануда. Сонымен қатар, 1300 азаматты қоғамдық жұмысқа тарту көзделуде. Қазіргі таңда 155 жұмыссыз азамат осы бағытта жолдама алды.

Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында “Сапалы жұмыспен қамту” бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне байланысты өткен баспасөз жиынында облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Бақтияр Жақсыгелдинов пен Жастарға қызмет көрсету бөлімінің басшысы Дәурен Нұртаев осы мәселе төңірегінде ой бөліскен болатын.  Аталмыш мекеме 2017 жылы 21 бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырды. 254 мекеме қатысып, 4065 бос жұмыс орындарын ұсынған. Нәтижесінде 1116 жұмыссыз жасқа жолдама беріліп, 304 азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, 50 мүмкіндігі шектеулі жан қайта даярлау курсына  қабылданды. Басқарма 80-ге жуық мекемемен екіжақты әріптестік келісім орнатқан. Ең басты мақсат жастарды жұмыспен қамту болып табылатындығын ескере келе, биылғы жылы 60-қа жуық жәрмеңке ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, тек облыс орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де өткізу жоспарлануда. Себебі, шалғай орналасқан елдімекен жастары жол алшақтығына байланысты қатысуға мүмкіндіктері бола бермейді.

Бүгінгі таңда Жастарға қызмет көрсету бөлімі  «Бизнестің жол картасы 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Дипломмен ауылға!», «Серпін 2050», «Білім беру жинақтау салымдары және білім беру кредиттері» мемлекеттік бағдарламалары мен техникалық және кәсіптік білім беру және Жастар ісі жөніндегі комитет бағыттары бойынша, сонымен қатар заңгерлік, психологиялық, медициналық көмектер көрсетіп келеді. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын іске асыру аясында “Жұмысқа жүгінуші жастарды тіркейтін бірыңғай база” іске қосылып, жұмыс атқаруда.

Бізді  TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! AppStore-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK