Жетісуда аудан әкімдерін сайлау өтеді

147

2023 жылдың қараша айының 5 күні Жетісу облысында Сарқан және Кербұлақ аудандарының әкімдерін сайлау жұмыстары жүргізіледі. Мемлекет басшысының аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларының әкімдерін тікелей сайлау өткізу туралы бастамасына сай қолға алынып отырған  бұл науқан биыл пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылмақ. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында өткен баспасөз жиынында облыстағы аймақтық сайлау комиссиясының мүшесі Самат Бейсенов мәлім етті.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған Самат Сұлтанбекұлы:  – «Сайлау туралы Конституциялық заңның 113 тармақ 1-бабына сәйкес сайлауды тағайындауға пилоттық өңірлердің тізбесін және аудан, облыстық маңызы бар қала әкімін сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы мәслихаттың шешімі негізге алынды. Осыған орай, ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде Жетісу облыстық мәслихатының шешімімен пилоттық өңірлердің тізбесі Сарқан және Кербұлақ аудандарының әкімдерін сайлау өткізілетін күні 5 қараша болып белгіленді. Сайлау күні туралы хабарлама интернет-ресурстарында және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Нақтырақ айтсақ, кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады, яғни, 16 қыркүйектен 5 қазанға дейін жалғасып сол күнгі  сағат 18.00-де аяқталады», – деді.

Сайлау комиссиясының мүшесі Самат мырзаның айтуынша, кандидаттар келесі жолдармен ұсынылмақ:

1) Өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялармен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы;

2) Дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады.

Ал, конституциялық сайлау заңына сай қойылатын талаптар:

– Заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;

– Сыбайлас жемқорлық қылмыс пен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі заңда белгіленген тәртіппен танылған адам кандидат бола алмайды.

Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңның талаптары бойынша:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы.
  • Жасы – 25 жастан кем болмауы шарт.

Мемлекеттік қызмет туралы заңнамамен қойылатын талаптар бойынша:

  • Кандидат осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс;
  • Мемлекеттік қызмет туралы заң азаматты мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайтын талаптарды көздейді.

Сондай-ақ, кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және 10 қазан сағат 18.00-де аяқталады (25 күн).

Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады, яғни 10 қазан сағат 18.00-ден кейін және сайлау күні алдындағы күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта 4 қарашада аяқталады. (25 күн).

Сайлау алдындағы үгітті өткізу Сайлау туралы конституциялық заңмен реттелген.

4 қараша-үнсіздік күні, үгіт-насихатқа тыйым салынады.

5 қараша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін, дауыстарды санау 12 сағаттан аспайды.

Сайланған әкімдерді тіркеу.

Ауданның аумақтық сайлау комиссиялары:

  • Сайлау қорытындыларын ауданның (қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде белгілейді.
  • Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат сайланған әкім болып саналады.
  • жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеуді жүзеге асырады;
  • сайланған әкімге тиісті куәлік береді.

Алдағы аудан әкімдерінің сайлауына барлығы 94 сайлау учаскесі  белгіленген. Оның Кербұлақ ауданында – 60, Сарқан ауданында -34, 2 аудандық аумақтық комиссиялардың 21 мүшесі, учаскелік сайлау комиссияларының 538 мүшесі жұмылдырылмақ. Жалпы екі ауданның сайлаушылар саны 54 760 адамды құрайды. Атап айтқанда, Кербұлақ аданында – 27 828, Сарқан ауданында -26 932 адам.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз