Пандемия кезінде қайырымдылық жасап, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын соза білген Талдықорған қаласының ерікті жастары бүгін ерекше сый құрметке ие болды, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Марапаттау рәсімінде қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы волонтерларға шынайы ризашылығын білдіріп, олардың жасаған ізгі амалдары көпке үлгі екенін айтты.

«Әлемді жайлаған пандемия біздің мемлекетімізге де айтарлықтай өз залалын тигізді. Осы бір күрделі кезеңде еліне жанашыр, жүрегі мейірімге толы азаматтарымыз қамқорлық жасауда белсенділік танытып, республика көлемінде көптеген қайырымдылық шараларды атқарды. Оған қаламыздағы еріктілердің де қосқан үлестері өте зор. Осы орайда сіздерге қала әкімінің ыстық ықыласын жеткізе отырып, алдымыздағы Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әрдайым осылай халықтың алғысына бөленіп жүре беріңіздер. Істеріңізге сәттілік тілеймін!», — деді Ә.Рымтай.

Сондай-ақ, салтанатты жиында «Азаматтық альянс» бірлестігінің төрайымы Жанар Болатқызы мен «Харекет» қайырымдылық қорының Талдықорған қаласы бойынша өкілі Амангелді Толамисов сөз алып, ерікті болудың маңыздылығын, оның қоғамға тигізер пайдасын атап өтті.

«Өздеріңіз білесіздер, кезінде ата-бабаларымыз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Біз де сол ізді жалғауымыз тиіс. Жалпы, Ислам дінінде «Оң қолыңмен бергеніңді сол қолың көрмесін» деген түсінік бар. Дегенмен, өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен ізгі амалдардың кейбірін жария түрде жасаған абзал деп ойлаймын», — деді А.Толамисов.

Сондай-ақ, ол «Харекет» қайырымдылық қоры құрылғалы Талдықорған өңірінде 24 мұқтаж отбасыға баспана берілгенін атап өтті.

Ал, өз кезегінде сөз алған ерікті жастар қайырымдылық жасаған сайын жүректегі жылу арта түсетінін айтып, әсерлерімен бөлісті. Және волонтерлардың жұмысын бағалап, ерекше ілтипат көрсетіп отырған қала әкімдігіне ризашылықтарын айтты.

Айта кетейік, марапаттау рәсімінде «Лидер.кз» волонтерлық ұйымы үздік деп танылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK