Мамандардың мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласында өрт қауіпсіздігінің алдын алу шараларының нәтижесінде орын алатын оқыс оқиғалар айтарлықтай азайған. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында «Жылыту маусымына тұрғынүйлердегі өрт қауіпсіздік ережелері» тақырыбында өткен баспасөз жиынында айтылды.
БАҚ өкілдері алдынса сөз алған Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Азамат Дауітбековтің айтуынша, өткен және биылғы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында өрт оқиғаларын алдын-алу және азаматтардың бас амандығын қорғау бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, өткен жылыту кезеңінде ықтимал өрт қауіпті жағдайларды анықтау және оларды жою бойынша шаралар қабылдау мақсатында 27 мың үй зерттелген. Ағымдағы жылдың 15 тамызынан бастап әлеуметтік осал топтағы адамдар тұратын 1115 үйді аралау басталған.
«Ал, жылыту кезеңінде жүргізілген мақсатты іс-шаралардың арқасында тұрғын үй секторындағы өрт оқиғаларының орын алуына, адамдардың жарақаттануына және көміртегі тотығымен улану жағдайларына жол берілмеді. Міне, бұл тілсіз жаудан болатын зардаптың айтарлықтай төмендеуін көрсетеді. Соның нәтижесінде өткен жылыту кезеңінің ұқсас кезеңімен салыстырғанда өрт саны 6 жағдайға азайды. Мәселен, өткен жылыту кезеңінде 2022 жылғы 15 қазаннан 2023 жылғы 15 сәуірге дейін 31 өрт оқиғасы болып, онда 3 адам қаза тапты. Жалпы әр тұрғын сақтық шараларын естен шығырмаған жөн. Бұл арнадағы профилактикалық жұмыс тек үгіт-насихат материалдарын жеке-дара келумен және таратумен шектелмейді. Бұрын олқылықтар анықталған аталған санаттағы тұрғын үйлерді қайта аралау жұмыстары жалғасатын болады.», – дейді ол.
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері Елнұр Тілеубаевтың сөзінше, халыққа нақты практикалық көмек көрсету мақсатында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі сенбіліктері және түрлі акциялар өткізілмек. Сондай-ақ, 15 тамыздан бастап барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Онда «Улы газдан сақтан», «Қауіпсіз қала», «Көмек қолы», «Әр үйге қауіпсіздік» сынды бірқатар акциялар өткізу жоспарлануда. Осы орайда мамандар жұртқа мыналарды ескертеді:
– Жылыту жүйелері мен газ құрылғыларының күйін үнемі тексеріп отырыңыз.
– Электр розеткаларының шамадан тыс жүктелуіне және ақаулы сымдарды пайдалануға жол бермеңіз.
– Жанғыш материалдарды жылу көздерінен алыс, қауіпсіз жерде сақтаңыз.
– Егер газдың шығуы анықталса, дереу үйден шығып, шұғыл қызметтерді шақырыңыз.
Бұл ережелерді сақтаудың жылу маусымы кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тигізер көмегі мол.