Танымал  әнші, композитор  Жақсыбек Қалелбеков 1983 жылдың  15 маусымында дүниеге келген.  Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  «Классикалық гитара» мамандығын бітірген. Алғаш «Үкілі қыз» атты  туындысымен  ән әлеміне қадам басқан тума дарын иесінің қазір халық арасында кең тараған әсем сазды  70-ке жуық әні бар.  «Жігітке жеті өнер де аз». Жақсыбек  бұдан бұрын  дүйім жұртқа әнші, күйші, сазгерлігімен танылса, соңғы кездері поэзияда да қарымды қалам тербеп келеді. Бұл жолы ақынның редакциямызға келіп түскен бірнеше өлеңін оқырман назарына ұсынамыз.

 Өмірдегі өлілер

Тумысында батыр едік ірі едік,

Жетілуші ек ар намыстан нұр еміп.

Жыртығыңа жамау етіп жыр жазам,

Бұл өлеңнің аты бәлкім тірі өлік.

 

Сана сарсаң, ақыл жетім, арман тұл,

Шіркіндер-ай  шеттерінен тарлан кіл.

Ақын емес қалталылар құрметті,

Қоразданған жанарында жалған тұр.

 

Қала жатыр қара қазан қайнатып,

Жемсауы бос бұлбұлдарын сайратып.

Алтынменен апталғандар араны,

Ашылғанда алғалы жүр айды атып.

 

Қайда кетті рухымның қорғаны,

Жын ойнақтар ойқастайды ордалы.

Өркендеудің үрлеген боп көрігін,

Болмысымның өртелуде орманы.

 

Жасайды онда атақты да, алып та,

Аса құмар абыройға даңққа.

Күн астында жүргенменен көбісі,

Жүзін тоспас хақтан келген жарыққа.

 

Керанау күн көк төбеттей керілер,

Арсыздарға жалған сұлу көрінер.

Жердің асты бір АЛЛАға ғана аян,

Ал бетінде көбейді тек өлілер….

Ислам

Далада жоқты қаладан іздедім,

Қала жүзі қалтырайды …

Қалада жоқты даладан іздедім,

Дала жолы жалтырайды.

 

Ырыс құтты, күннен іздедім,

Күн нышаны тұншығулы.

Тыныштықты түннен іздедім ,

Түн құшағы  жын шуылды.

 

Тауға қондым қиял жырыммен,

Екен ол да сағат түсім.

Байлық құштым  көзің сүрінген

Қанағатсыз талап күшім.

 

Адамдарға болып ем мақтан,

Көкте жанып бақ жұлдызым.

Замандарға қол бұлғатқан,

Аңыздар боп сан қырлы ізім.

 

Жалын жастық қызуы қайтып,

Асау арман, сүйремес арба,

Көктемнің әнін қыз ұлың айтып,

Өзім күзгі күйге басам да.

 

Бар ләззаттан таппадым бір ем,

Жайнамас бақ жалбыз мұңыма.

Жар болғансып бақтары күрең,

Сайқал өмір жалғыздығыма.

 

Қара басың болғаны аман,

Бақыт дәл сол бекініс бір көне.

Дүниедегі бақыттар соңы,

Шер-шемен, сор-өкініш құр неге?

 

Құштым бір күн жұпарлы нұрды,

Шүбәсіз шындық, шамасы шексіз.

Ол жұмбақ  жол пенде мен ХАҚтың,

Жалғап бір тұрған арасын көксіз.

 

Сән кірді содан рух сарайға,

Алдам ойлардың жаптым есігін.

Бақыт әнімен әлдилер мәңгі,

Жұмыр жүрегім, тапты бесігін.

Басқаның бәрі бітер күй шығар,

Екі дүниеге жетер ИСЛАМ.

Тәуелсіздік

‎Қанша ғасыр қара бұлт жапқан алаш аспанынан,

‎Жаратқанның жарлығы ақ жаңбырға айналып жауғанда.

‎Бабалардың рухы мен қасиеті сіңген тау мен тастардан,

‎Жарып шыққан қайсар өсімдік текті,

‎ тағзым арманға!

‎Міне бұл Тәуелсіздік.

 

‎Қатыгез қолдар қаңтарған ұзақ, алмай қайыс құрығын,

‎Жаз маңдай жырларда ширыққан тағылым тұлпарым.

‎Балбал тастардың ерінінен тамған балдай ғұмырым,

‎Дархан даламның бұл дүниедегі шаттығының сұлтаны,

‎ Міне бұл Тәуелсіздік.

 

‎Қан мен жан бодауынан көтерілген жеті қатқа,

‎Періштелердің қанатында қонақтап тұрған көктегі.

‎Жұмыр жердегі еншім деген үн

‎ жаңғырған сана, не құлақта,

‎Әулие жүректердің дұғасының ақ жарқын көктемі,

Міне бұл Тәуелсіздік.

 

‎Тарих жанарынан жарқыраған көз тартып көш алыстан,

‎Бүгінгі қазақтың жалғандағы жалғыз жақұт тұмары.

‎Қанатын жайып көк жүзінде күнге арқасын тоса ұшқан,

‎уақыт құсбегісінің қолында бапталған бақыт

‎қыраны,

‎ Міне бұл Тәуелсіздік.

‎Дала жұпары

‎Қаладамын!

‎Бірақ тыныстаймын дала жұпарымен,

‎Сонда көктеткенмін қасиетімнің қияқтарын.

‎Сәулеленген сансыз салтанатым бар, сана, сүт арымен,

‎Сол жерден басталған жұпар жырыммен ұятты әнім.

 

‎Тектіліктерден орнаған терезем бар тағдырымда,

‎Қонағын құт деп таныған, әрдайым ашық есігім.

‎Көк орай көк белдердің, көк кілем шалғынында,

‎Тыныш тіршілігім бар жусаған, жасыл бесігім.

 

‎Тағылымдарым бар таулардай, талыс кереге иығынан,

‎Болашағының бақыты күлтелі, таң болып атар.

‎Дархандық дауылдарындай, таныс күй ұғынам,

‎Қисық жолдарға түссең, қараған пәрмені қатал.

 

‎Көркем дүние күлетін сұлу, көзінде әженің,

‎Тал бесігімді тербеген, тәрбием терең.

‎Қилы қарлы боранда да тоңбайтын төзім таза емім,

‎Ала жіпті аттамайтын аңқау адалдығым, ар кием ерен.

 

‎Қала магниттерінен, мың таза болмысы маңғаз даланың,

‎Жаратылысыма аманат, адамдығымның тұрағы жарық,

‎Мәңгіліктің мұңы меңдеген меніңде жырдағы алмаз жанарым,

‎Жалғаннан іздеп шаршамас, хақ нұрының шырағын алып….

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK