Биыл қыс қылышын сүйретіп уақытымен келді. Демек, бұл мезгілде қаладағы коммуналдық мекеме қызметкерлерінің жұмысы қыза түсетіні белгілі. Мәселен, қарашаның 30 күні жауған қалың ақ ұлпа әп сәтте айналаны ақ мамыққа орап тастады. Осыған орай жол қызметкерлері қарды дер кезінде тазалауға кірісіп, табиғаттың тосын сыйына қашанда әзір екендіктерін көрсетіп бағуда.

Жалпы, бұл жұмыстарға 76 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде, қараша айының 27 мен желтоқсанның 2 дейін 2 500-ден астам текше метр қар қала сыртына шығарылды. Тазалау жұмыстары әлі де жалғасуда. Айта кетейік, бүгінде Алматы облысының орталығында жолдардың күтімі мен оның тазалығына үш мекеме жауапты. Олардың қатарында «Шығыс-4», «Талдықорған көгалдандыру» және «Талдықорған көркейту» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Мұндағы «Талдықорған көркейту» ЖШС-і шаһардың орталық, оңтүстік бөлігін, «Шығыс» шағын ауданын және коттедж қалашығын, Қабанбай батыр көшесінен Транспорная көшесіне дейінгі аралықты тазалайды. Ал, «Талдықорған көгалдандыру» ЖШС-і қаланың солтүстік бөлігіндегі Қабанбай батыр мен Ключевой көшесінің арасындағы аймақты, Батыс және Солтүстік-Батыс елді мекендерін қамтыса, «Шығыс-4» ЖШС-і Өтенай ауылын айналып өтіп, «Дубки», «Ащыбұлақ» демалыс аймақтарын және «Талдықорған-Текелі», «Талдықорған-Мұқыры-Үштөбе», «Талдықорған-Қызыл тас», «Талдықорған-Оқу тәжірибе бөлімшесі» сынды облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына қысқы күтім жасайды.

Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбақыт Алтынбековтың мәліметінше, бүгінде қар тазалаумен айналысатын мекемелерде жалпы саны 115 техника, 666 тонна тұз, 1080 тонна құм дайын тұр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK