Өткен жылдың қорытындысы бойынша Талдықорған қаласындағы өнеркәсіп өндірісіндегі өнім көлемі 67 млрд. теңгеден асып, 2016 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. 2017 жылы 7 кәсіпорын іске қосылып, қолданыстағы 2 өнеркәсіп кеңейтілген. Соның нәтижесінде, 237 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. Бұл туарлы шаһар басшысы Бағдат Қарасаевтың тұрғындар алдында берген қорытынды есебінде мәлім болды. Жиынға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, бір жылда атқарылған жұмыстардың жайжапсарымен танысты.

Кездесуге қала тұрғындары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясы филиалының өкілдері, округ әкімдері, қалалық мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында алдымен Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев 2017 жылы атқарған қызметі және 2018 жылға белгіленген міндеттер туралы баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуында өткен жылмен салыстырған оң өзгерістер бар. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 16 млрд. теңгеге жеткен, қаладағы 71 шаруа қожалығы «Агробизнес — 2020» бағдарламасы шеңберінде 5 кооперативке біріктірілген. Шағын және орта бизнес саласында 58,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылып, 352 жаңа жұмыс орны құрылған. Жалпы, облыс орталығында 26 мың адам еңбек ететін бизнестің он мыңға жуық субъектісі жұмыс істейді.

Үстіміздегі жылы құрылыс саласына ерекше назар аудару көзделген. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын коттедж қалашығын салу. Яғни, Алматы күре жолынан қалаға кіре берісте 202 пәтерлі 166 коттедж тұрғызу жоспарда бар. Мұнымен бірге жыл аяғына дейін бюджет қаражаты есебінен 520 пәтерлі 9 көпқабатты үй, жеке қаражат есебінен 195 пәтерлі 4 көпқабатты үй салынбақ. Сонымен қатар, Б. Қарасаев биылғы жылы қалада 100 ауланы абаттандыру ісіне кірісетінін айтып, бұл жұмыстар кезең бойынша жүзеге асатынын  тілге тиек етті. Мұндағы 50 аула кәсіпкерлердің көмегімен «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асырылады деп күтілуде.

Жол жөндеу, қаланы абаттандыру, көркейту жұмыстары өткен жылы жүйелі атқарылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Бір атап өтерлігі облыс орталығына табиғи газдың келуі тарихи сәт болды. Бүгінде көгілдір отынның қызығын көріп отырған тұрғындар саны артып келеді. Қазіргі таңда табиғи газға 393 абонент қосылса, тағы 233-ін қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, 2017 жылы қаладағы жалпы ұзындығы 35,5 шақырым болатын 40-қа жуық қосалқы көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы тағы 55 көшеге жөндеу жүргізу басты назарда.

Баяндамасын қорытындылай келе қала басшысы ендігі уақытта Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында  белгіленген бағыттар бойынша жоспарлы жұмыс атқаратынын айтты. Бар мүмкіндікті жұмылдырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес  қосамыз, — деп түйіндеді.

Қала әкімінің есебінен кейін тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Мұндағы өзекті проблемалардың ішінде балалар үшін шатырлы лагерьдің орнына жазғы демалыс нысанын салу, автобустардың қызмет көрсету сапасын арттыру, қаладағы әскери қалашықтағы көпқабатты үйлерді қаланың коммуналдық меншігіне өткізу мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, тұрғындардың сөзіне сүйенсек, Ғ.Орманов, Қабылиса жырау, Рүстембеков көшелерінің қиылыстарында бағдаршамның жоқтығы салдарынан жол апаттары жиі болады. «Үйтас» саяжайы тұрғындарының ауыз судан тапшылық көріп отырғандарына да біраз уақыт болған. Қала көшелерінде газ құбырларын жасап жүрген құрылысшылар қазылған шұңқырларды жауып тастамай, жолдардың жиегіне қоқыстарын шашып  кететіндігі халықтың ашуын туғызуда. Қала әкімі бұл сұрақтарға тұшымды жауап беріп, мәселенің шешілу жолдары міндетті түрде қарастырылады деп сендірді. Сонымен қатар, тұрғындар жолдаған сауалдарды ескерген А.Баталов шаһар басшысына айтылған жайттардың осы күйінде қалмай, барлық өтініштер ескерілуі керек екенін тапсырды. Өңір басшысы әсіресе, қоғамдық көліктердің қызымет көрсету сапасына ерекше мән беріп, Талдықорғанға заманға сай автобустар әкелуді міндеттеді. «Қазір қалада жолдың сапасы жыл санап артып келеді. Жол жүру тарифі де жоғарылады. Соған сай тұрғындарға қызмет көрсету сапасы да артуы тиіс. Ескі автобустарды біржола жойып, Талдықорғанға Астана мен Алматы қалаласындағыдай үлкен, сыйымдылығы жоғары көліктерді жүргізу керекпіз», — деді А.Баталов.

Жиын соңында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы сөз алып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында қысқаша тоқталып өтті.

– Облыс орталығы Талдықорған қаласының қазынасы соңғы үш-төрт жылда едәуір өсті. Халқының саны 172 мыңға жетіп отыр. Шағын және орта бизнес қарқынды дамып келеді, салық түсімі де айтарлықтай. Алайда, атқаруға тиіс ауқымды жұмыстар баршылық. Орталық алаңды жаңғырту ісін, театр ғимаратын шілдеде аяқтауымыз керек. Жаңадан бой көтерген шағын аудандарды жандандырып, көгалдандыру жұмыстарын қолға алу қажет. Елбасы Жолдауында атап өткендей, қай салада болмасын елдің әлеуетін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жасау – басты міндет. Соның ішінде «Смарт Сити» жүйесінің мүмкіндігі мол. Сол себепті, «Ақылды қала» жобасын енгізуді қазірден бастап қолға алуды тапсырамын, — дей келе А.Баталов облыс тарапынан да жан-жақты қолдау болатынын айтып, Талдықорғанның гүлденуіне бір кісідей атсалысатынын жеткізді.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK