Қазір елімізде азаматтарды күзгі әскер қатарына шақыру жұмыстары басталды. Осыған байланысты, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласынан биылғы жылдың көктемінде 180 жас әскери міндетін өтеуге аттанса, күзде тағы 200-ге жуық азамат жіберіледі деп күтілуде. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында баспасөз жиынында айтылды.
БАҚ өкілдері алдында сөз алған Талдықорған қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Мақсат Дүйсебеков: «Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шықыру Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 31-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентінің жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет жүргізіледі. 18 жастан 27 жасқа дейінгі әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатады. Азаматтарды әскери қызметке шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 27 – бабына сәйкес жүргізіледі. Сонымен қатар, Заңның 30-бабына сәйкес Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органдарының шақыру қағазы бойынша әскерге шақыру комиссиясына келуге міндетті. Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда, оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органдарына жүктеледі. Ішкі істер органдары өз құзіреті шегінде әскери міндеттілікті орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асырады», -деді.
Қалалық басқарманың қызметтік істі ұйымдастыру және әскерлері қызметінің басшысы Нұрсұлу Мұсабаеваның айтуынша жалпы әскерге 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Күзгі әскерге шақыру науқаны 4 ай бойы жүргізіледі, яғни желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Ал, Заңның 35-бабына сәйкес Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың жолдары мынадай:
- Отбасы жағдайына байланысты;
- Білім алуды жалғастыру үшін;
- Денсаулық жағдайы бойынша;
- Басқа да себептер бойынша;
Заңның 36-бабына сәйкес Әскери қызметке шақырудан босату:
- Денсаулық жағдайы бойынша Әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
- 27 жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған;
- Туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері, немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген;
- Басқа мемлекетте әскери қызмет өткерген;
- Ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
- Тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.