Тәуелсіз Қазақстанның болашағы  — мемлекеттік тіл.  Демек, біздің міндетіміз — қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ.  Тәуелсіздік алғаннан  бері тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын белсенді түрде жүзеге асыра беретіндігімізді жеткізді. Оның сөзінше, бұл аса маңызды құжат ұрпақтың санасын серпілтіп, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға арқау болады. «Одан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан ары кеңейтуге күш жұмылдырамыз. Ана тілімізді ардақтамасақ, елдігімізге сын» болары сөзсіз.

 

Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатып, мәртебесін асыру бағытында  Талдықорған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі көптеген игі істер атқарып келеді. Жақында  «Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің  әлеуметтік тапсырыс негізінде «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тіл тазалығын сақтайық!» акциясы аясында Талдықорған қаласының жарнама орталықтарымен  ZOOM онлайн бағдарламасы арқылы кездесу өткізілді.

Кездесудің негізгі мақсаты —  қала  бойынша халыққа қызмет көрсету нысандары мен қоғамдық көліктердегі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда тіл нормаларының Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының талаптарына сәйкес ресімделуін, олардың сауатты жазылуын қамтамасыз ету және бұл іске қала  жұртшылығын кеңінен жұмылдыру болып табылады.

Кездесу барысында Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы  Ермек  Ақшабаев, Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Сандуғаш Рысбаева, «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының менеджері Жандос Анарбекұлы  және «Шаған» сауда орталығының өкілдері қала аумағында тіл нормаларын сақтау мен олардың сауатты жазылуына ерекше мән беру қажеттігі туралы баяндады.  Жарнама агенттігі өкілдері ортақ әлеуметтік желі құрылса, оның  пайдасы зор екендігін атап көрсетті. Жарнама берушілердің мәтінін тексертіп алуда бұл өте  маңызды болар деген ашық пікір білдірді.

Пікір алмасу барысында жарнама орталықтарының қызметкерлері   Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы»  Заңдарының талаптарына сәйкес бірлесе отырып жұмыс атқаратындарын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK