Биыл жыл басынан бері жетісулық спортшылар түрлі жарыстарда топ жарып  639 медаль еншілеген. Сонымен қатар, сайыс саңылақтары Токио Олимпиадасына 8 жолдама ұтып алып, республикалық тізімде көш бастаған. Бұл туралы «Жетісу медиа» ақпараттық алаңында Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлидің қатысумен өткен баспасөз мәслихатында облыстық спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев жария етті.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Рустам Әлиұлы:  «Биыл бұқаралық спортты дамытуға жаңа жоба әзірленіп, алдағы желтоқсан айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Мұнда халықтың отыз пайызын спортқа тарту мәселесі қарастырылған. Жоспар бойынша пайызын одан ары ұлғайтып, жастар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдаланамыз деген ойдамыз. Сонымен қатар, жыл соңына дейін облыста тоғыз спорттық нысанды пайдалануға береміз және келер жылы тағы да үш дене шынықтыру, сауықтыру кешенінің бой көтеруі жоспарда тұр», — деді.

Сөз кезегінде Талдықорған қаласы қоғамдық палатасының төрағасы В.Буков аймақтағы әрбір ауыл, қала, мектептерінде спорт федерацияның президентін сайлап, сол арқылы бұқаралық спортты дамыту керектігін тілге тиек етті.

Осыдан соң Алматы облысы шахмат федерациясының президенті С.Егенбердиев аймақтық спорт саласында биылғы атқарылған жұмыстардың  нәтижелі болғанын айтап көрсетті. Сондай-ақ ол карантин кезінде де онлайн жарыстар өтіп, интеллектуалды ойынға үйде отырған жастар мен жасөспірім балалар көптеп тартылғанын жеткізді.

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK