Жетісулық тәртіп сақшылары бір тәулік ішінде бұрын жасалған 15 мал ұрлығын ашқан. Полицейлер мұндай қылмысты ашуға облыс аумағында жүргізілген «Мал ұрлығы» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында қол жеткізгенін айтады.

Алматы облыстың ПД-нің баспасөз қызметінің мәліметінше, арнайы өткізілген шараның алғашқы күнінде мамандар бұдан бірнеше жыл бұрын жасалған 15 қылмыстың бетін ашқан. Осы орайда 9 бас мал заңды иелеріне қайтарылған. Оның ішінде үш жылқы, екі сиыр, төрт ұсақ мал бар. Мал ұрлығын жасады деген күдікпен 14 адам құрықталды.

 Облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асхат Даниярдың айтуынша, алдын алу іс-шарасы кезінде  Кербұлақ ауданы аумағында әрекет еткен бір қылмыстық топтың жымысқы әрекеттері әшкереленген. «Мал ұрлаушы» санаты бойынша 4 азамат тіркеуге алынған.

— Біз 57 базарды, ет павильондарын, мал мен ет өнімдерін сататын басқа да орындарды тексердік. Сондай-ақ, 187 шаруа қожалығында, жайылым орындарында, фермаларда және т.б. тиісті жұмыстар жүргіздік. Осы барыста тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың 11 дерегі анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша заңда көзделген әкімшілік жауапкершілік шараларын қабылдау үшін материалдар толтырылып, ветеринариялық қызметтерге жіберілді, — дейді полиция полковнигі.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK