Алматы облысының спортшылары нәтиже көрсетуден үнемі алдыңғы қатардан түскен емес. 2017 жыл да жетісулық саңлақтар үшін сәтті болып, Халықаралық ареналарда бірқатарының асығы алшысынан түсті. Яғни, мұның барлығы спортқа көрсетілген жанашырлықтың белгісі деп білеміз. Өңір басшысы Амандық Баталов жылда облыс спортшыларымен кездесіп, олардың спорттағы табысын саралап, үздіктерін марапаттауды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да әкім спортты жанына серік етіп, еліміздің, оның ішінде Жетісудың атын шығарып жүрген саңлақтармен кездесіп, өзінің ыстық ілтипатын көрсетті.

— Спорттың қоғамда алар орны ерекше. Себебі, спорт – ұлт мерейі, рухтың күштілігінің кепілі. Тәуелсіздік алғаннан бері көк байрағымыз көптеген халықаралық жарыстарда биікке көтерілді.  Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың спортқа жасаған қамқорлығымен қатар спортшыларымыздың, бапкерлердің маңдай терінің жемісі. Отандық спорттың дамуына жетісулық саңлақтар да мол үлес қосуда. Жерлестеріміздің жарқын жеңістері күн санап артып келеді. Біз де өз тарапымыздан спорт нысандарына күрделі жөндеу жасауға, құрылысын жүргізуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға барынша демеушілік танытып келеміз. Бұдан былай да бұл қолдаулар жалғасын табатын болады. Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, үлкен жеңістер тілеймін, — деді А. Баталов.

Иә, қолдаудың бары анық. Мәселен, өткен жылы дене шынықтыру және спорт саласына жергілікті бюджеттен 8 млрд. теңге қарастырылса, биылғы жылы бұл қаржы 14 млрд. теңгені құрап отыр. Нәтижесінде, облыс спортшыларының бағындырған жетістіктері айтарлықтай. Атап айтқанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша Альберт Линдер, Карина Горичева, Демеу Жадыраев үздік спортшылар атанды. Марапаттау рәсімінде спорттағы ерен еңбектері үшін оларға дипломдар мен әрқайсысына 700 мың теңгенің сертификаты берілді. Одан бөлек 28 спортшының жыл ішіндегі жетістіктері үшін 150 мыңнан 400 мың теңге аралығында сертификаттар ұсынылды. Олардың қатарында Ольга Пастухова, Анатолий Савельев, Жандос Исмайлов, Бегарыс Садуақасов, Алена Станская, Ұлан Рысқұл, Бейбіт Назаров сынды ұлт мақтаныштары бар.

Салтанатты басқосуда жаттықтырушыларға да құрмет көрсетілді. Жылдың үздік жаттықтырушылары болып Боранбек Қоңыратов пен Сергей Седов танылды. Сонымен қатар шәкірттері жеңіс тұғырынан көрінген 20-дан астам бапкерлердің де еңбегі назардан тыс қалған жоқ. Облыстағы үздік спорттық мекемелерге де марапаттар берілді. Сондай-ақ, кездесу барысында спорт тақырыбына қалам тербеп жүрген журналистер, бейнеоператорлар, фототілшілер және блогерлерге де құрмет көрсетілді.

Өз кезегінде сөз алған спортшылар облыс әкімінің көрсетіп отырған қамқорлығына шынайы ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты. Айтуларынша, мұндай қошеметтің барлығы жеңіске жетуге үлкен жігер береді. Ал, тілшілер атынан сөз алған облыстық «Жетісу» газетінің спорт шолушысы Ришад Тұрғанбай спортшыларға сәттілік тілеп, толағай табыстарға жетулеріне әрдайым тілекші екендігін білдірді. Олардың сүйінші хабарын халыққа жеткізуге үнемі дайын екендіктерін айтты.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов спортшыларға биылғы жылы да жеңісті жолды жалғастырып, түрлі жарыстардан алтын, күміс, қола медальдармен оралуларына сенім білдірді. «Сіздердің спортта одан әрі шыңдалып, чемпион болуларыңыз үшін біз қолымыздан келген қамқорлықты жасаймыз. Өздеріңізбен осындай жылы жүздесуді жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыратын боламыз, — деді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Алматы облысында 3439 спорт нысаны жұмыс істейді. Олардың қатары жыл сайын артып келеді. Аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бой көтеріп, спорттың дамуына бар жағдай жасалуда. Талдықорған қаласына да бірнеше спорт нысандарын тұрғызу жоспарда бар. Биыл қаладағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқу ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2017 жылы Алматы облысының спортшылары  түрлі деңгейдегі 1345 медальды жеңіп алды. Оның 495-і алтын, 372-і күміс және 478-і қола медаль. Өткен жылы 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 18 халықаралық санаттағы спорт шебері, 132 спорт шебері, 648 спорт шеберлігіне үміткер және 381 бірінші разрядтағы спортшылар дайындалған.

 

Бізді TDKO қосымшаcынан оқу ыңғайлырақ! App Store-дан жүктеу үшін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK