Бүгін Талдықорған қалалық «Nur Otan» партиясы филиалының ХХХ  кезектен тыс  конференциясы  болды. Қалалық партия филиалының төрағасы, шаһар басшысы Ғалымжан Әбдіраймовтың төрағалығымен өткен алқалы жиынға праймериз бойынша сайлауға түсетін үміткерлер мен 63 делегат қатысты, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Конференцияның күн тәртібінде «Nur Otan» партиясының Талдықорған қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, делегаттардың дауыс беруі арқылы қалалық сайлауалды штаб төрағасы, орынбасарлары мен штаб  құрамы бекітілді. Бұдан бөлек, «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXVII конференциясына делегаттар сайланды.

Конференция барысында қалалық партия филиалының саяси кеңес бюро отырысында тізімі бекітілген 16 адам дебатқа қатысты. Олар алдымен сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, артынша мәжіліс және облыстық тізімге үміткер ретінде қатысу үшін өзара ашық пікірталасқа түсті.

Жалпы, дебатта үміткерлер елдің әл ауақытын жақсартуға байланысты өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, олар әр қайсысы өз мамандығы, бағыты бойынша денсаулық, кәсіпкерлік, білім саласына жаңашылдық енгізу керектігіне тоқталды. Енді бірі жергілікті жастарға жағдай жасап, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту мәселесін сөз етті. Кейін конференцияға қатысқан 63 делегат 16 үміткерге дауыс берді.

Нәтижесінде, басым дауыс жинаған 8 кандидат облыстық конференцияға жолдама алды.

Айта кетейік, биыл праймеризге бұрын депутат болмаған жаңа адамдар қатысқан. Қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Жазықбаевтың сөзінше, бұл өз кезегінде партияға тың серпіліс бермек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK