Биыл Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың өмірге келгеніне 100 жыл. Осыған байланысты Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалі өтеді. Облыс әкімінің қолдауында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының атсалысуымен қолға алынған іс-шараға 10-ға жуық мемлекеттің өнерпаздары қатысып бақ сынамақ. Осы орайда Жетісу облысының өнерпаздары «Мұғалім» атты жаңа қойылымын жұрт назарына ұсынады. Бұл туралы «Jetisy Media» ақпараттық алаңында театрдың 48 маусымының ашылуына арналған баспасөз жиынында Талдықорған драма театрының директоры Ерлік Жуасбеков айтты.
БАҚ өкілдері алдында сөз алған Ерлік Тілеуқұлұлы: – Әйгілі сахна саңылағы Бикен Римованың 100 жылдығын мерекелеу өткен жылдың 4 қарашасында «Бикен Римова» кітап-альбомының тұсауын кесуден бастау алған болатын. Сол уақыттан бері театрымыз актрисаның мерейтойы аясында біршама жетістіктерге жетіп, оның есімін ТҮРКСОЙ деңгейінде ұлықтап келеді. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры Алматы және Астана қалаларында гастрольдік іс-сапармен Бикен Римованың қаламынан туған «Қос мұңлық» спектаклін өңір жұртшылығына тарту етті. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Алматы, Астана, Көкшетау қалаларында және көршілес Қырғыз елінде «Өнермен өрілген ғұмыр» атты жылжымалы көрмесін ұйымдастырды.Театрымыз өнер бәйгесінен де қалыс қалмады. Көкшетау қаласында өткен «СӘЛЕМ» халықаралық комедия театр фестиваліне қатысып жүлделі болып қайтты. Алдағы уақытта Қарағанды қаласында өтетін Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне де қатысу жоспарымызда бар. Актрисаның 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген театрдың 47, 48 маусымында В.Воробьевтың «Қырсық» эксперименталды қуыршақ қойылымы, Н.Гогольдың «Ревизор» трагифарсы сахналанып, және Қ.Мұраттың «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиалық драмасын алдарыңызға ұсынамыз. Сонымен қатар, мерейтойды «BIKEN» I-Халықаралық театр фестивалін өткізумен салтанатты түрде тәмамдауды жөн көріп отырмыз. Жалпы 100 жылдықтың аясында театр біршама жұмыстарды атқарып, қазақ театр өнерінің гүлденуіне ықпал етті. Осындай үлкен мүмкіндік беріп, Қазақстанның Халық артисінің есімін ұлықтауға тікелей себепші болған өңір әкімі Бейбіт Өксікбайұлына, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызына, аталмыш фестивальдің ТҮРКСОЙ деңгейінде мерекеленуіне күш салған ұйымның бас хатшысы Сұлтан Әкімұлына алғысымыз шексіз!», –деді.
Театрдың көркемдік жетекшісі Рахман Омаровтың сөзінше, биылғы жылда театрымыздағы үшінші спектакльдің премьерасы «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиалық драмасы. Бұл қойылымның өзгелерден ерекшелігі қоғамдағы бала тәрбиесін қалыптастырудағы өзекті мәселе болып отыр. Тіпті, басқаны айтпағанда Жетісу өңірінде мұғалім-бала-ата-ана арасында қаншама қайшылықтар болды. Қазір мұғалімнің оқушы алдындағы мәртебесі төмендеп, ата-аналары балаларына жауапкершілік алуға қорқатын заман болды. «Тәрбие-тал бесіктен» дейтін болсақ, үйдегі әке-шеше, ата-әже беретін тәрбиенің бала бойында ең алғашқы қабылдауы тиіс қажеттіліктер деп білемін. Ал, мектепке келіп, бала сауатын ашып, тәртіпке мойын бұрады. Бұл жерде екі адамның яғни, мұғалім мен ата-ананың тәрбие беруінің аражігін ажыратуға болмайды. Себебі, екі тараптан да бала өзіне қажетті деген тәрбие мен білімді алуы тиіс. Осы секілді, мәселелерді театр сахнасына әкеліп, барша көрермен қауымға көрсетсек деген басты ойымыз болды. Қойылым арқылы көзқарақты көрермен нақты ой түйіп, мәселенің шешімін табуға септігін тигізетін тетік болады деп ойлаймыз.
Ал, аталған қойылымның қоюшы-режиссері Данияр Базарқұловтың айтуынша, жалпы мұғалім тақырыбына баруымыздың басты себебі, бұл қоғамның өзекті. Бізде стереотиптік қалыптасу бар. «Мұғалім» десе, мұғалім ғана барлық қиындыққа төтеп беру керек деген. Алайда, мұғалімнің мәртебесі мен мамандығының қандай қиын екенін ата-аналар мен оқушыға жеткізе отырып, олардың беріп жатқан білімін қай дәрежеге қоятынымызды аңғару керек. Бұл тек ұстаздар ғана емес, бүкіл қоғам болып, атауына емес, ауқымына қарап көретін қойылым. Аталмыш қойылыммен көзі қырағы көрерменге «Біз адам болып қала аламыз ба?» деген ой тастаймыз. Қай мамандық болмасын адами қасиетімізді жоғалтпауымыз шарт. Оған қоса мұғалімдердің қоғамдағы орны мен олардың мәртебесін көтеру туралы ой қалыптастыру қажет. А. Байтұрсынұлының «Бала тәрбиесі ол шешімі жоқ ғылым» деген сөзін алға қойып, қала тұрғындары мен қонақтарының назарына театрдың ашылу маусымында көпке ой салатын «Мұғалім» қойылымы ұсынылмақ. Қорытып айтқанда, театр – тарих айнасы, ұлт руханиятының тірегі. Өмір болмысы бейнеленген шынайы туынды жұрт санасына сөнбес сәуле сыйлары анық.