Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының тұңғыш төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлына Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Парасат» орденін салтанатты түрде табыс етті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты. Алдымен қонақтарға жылы ықыласын білдірген облыс әкімі Амандық Баталов:

— Бүгін біз жақсы жаңалықпен бас қосып отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы ардақты ағамыз Рәтбек қажы Нысанбайұлын діни-рухани салаға сіңірген еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдап, осы награданы кеудеңізге ерекше құрметпен тағу міндетін маған жүктеді. 80 жылдық мерейтойыңыздың қарсаңында беріліп отырған осы лайықты марапатыңызбен құттықтау салтанатына Бас мүфти Наурызбай қажы да арнайы келіп отыр. Бұл — бәріміздің сізге деген құрметіміз, — деп А. Баталов Рәтбек қажының кеудесіне «Парасат» орденін тағып, өз атынан жазылған құттықтау хатын ұсынып, иығына шапан жапты.

ҚБДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да сөз алып, басқарманың атынан сый-сияпат көсетті. Рәтбек қажының Орта Азия Мұсылмандар діни басқармасының құрамынан Қазақстанның Мұсылмандар Діни басқармасының жеке шығып, шаңырақ көтеруіне тікелей мұрындық болған еңбегін атап өтті. «Сіз бізге ұстаз болдыңыз. Қазақта «Ұрпағымен көп жасайды» деген жақсы сөз бар. Алла Тағала өзіңізге ұзақ ғұмыр берсін. Тәлім берген ұрпақтарыңыз бен шәкірттеріңіз ел игілігіне еңбек ететін салиқалы перзенттер болсын», — деп тілегін білдірді.

Осы жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемейіт те ардагерлер атынан  Рәтбек қажыға деген ізгі ниетін жеткізді.

Марапат иесі Рәтбек қажы Нысанбайұлы өз кезегінде еңбегін елеген Елбасына, Президентке, облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, осы қуанышқа орай ыстық ықыласын білдірген барша жандарға рахмет айтты. Ақсақал ел мен жер тарихы, рухани құндылықтар жайында әңгіме қозғап, осының бәрі кейінгі ұрпаққа бағдар болар жол болуы тиіс екенін атап өтті.

Еске салсақ, Рәтбек қажы Нысанбайұлы ұзақ жыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасына төрағалық еткен, Бас мүфти болған. Құран кәрімді қазақ тіліне аударған. Қазіргі уақытта Еңбекшіқаз

ақ ауданы Есік қалалық мешітінің бас имамы. Алматы облысының Құрметті азаматы. Оған Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Парасат» ордені берілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK