Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен брифинг өткізілді. Брифингіде Аманды Ғаббасұлы Президенттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауындағы міндеттердің өңірде орындалуы және өткен 9 айдағы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы журналистерге баяндап берді. Карантиндік шараларға байланысты брифинг онлайн-режимде өтті, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Эфир барысында ОКҚ-ға журналистер тарапынан алдын ала жолданған және ZOOM платформасында тікелей эфирге қосылған тілшілерден жалпы саны 22 сұрақ қойылды. Сұрақтардың басым бөлігі індетпен күрес кезеңіндегі жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты болды. Атап айтқанда, интернет жүйесінің сапасы, қашықтан оқытуды ұйымдастыру, оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету, кезекші сыныптардың санитарлық қауіпсіздігі, өңірдегі мониторинг тобының жұмысы, әлеуметтік маңызды азық-түлік қорын қалыптастыру, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы, індеттің екінші толқынына дайындық мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тақырыбында, яғни газдандыру, көп қабатты үйлерді орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосу, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жайында да бірнеше сауал қойылды. Бұл сұрақтарға берген жауабында облыс әкімі ТҮКШ саласындағы жұмыстармен қатар Талғар, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарындағы блокты-модульді қазандықтар орнату ісі жайлы айтып берді. Сол сияқты өңірдегі шикізаттық емес экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсіптерін дамыту, Gate City серіктес қалаларының құрылысы, «Қорғасты» республика балансына өткізу, тау кластерін дамыту, Шамалған стансасындағы автокөлік айналма жолының құрылысы, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салу, Қапшағай маңындағы егіс алқаптарын суару, Ұйғыр ауданының атауын өзгерту мәселесі, Балқаш ауданында Д.Қонаевқа арналған ескерткіштің жай-күйі туралы сұрақтар қойылды. Сауалдардың барлығына облыс әкімі Амандық Баталов толыққанды жауап берді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK