Тәубе (деректі әңгіме)

881
Дереккөз

Бірде аптығын баса алмаған көрші жігіт біздің үйдің қақпасын айқара ашып, алқын-жұлқын аулаға кіріп келді. Оның абыржығаны соншалық, тіпті, түзу аман-сәлем жасауға да  шамасы келген жоқ. Жайшылықта мұндай сабырсыздықтарға бой алдыра қоймайтын көршімнің екі кештің арасында былайша сасқалақтауынан бір сұмдықтың болғанын  сезе қойдым. Ол қарсы ала шыққан  маған «Әлгі біздің ұл… әлгі, біздің ұл…» дей, беріп айтар сөзінің соңын жұтып, қыстығып барып жылап  жіберді. Оның бұл әрекетінен ештеңе  түсіне алмай, не жасарымды білмей сәл тосылып тұрып қалдым. Одан соң, жігітті қолтығынан демеп, есік алдына қойылған ұзын  ағаш орындыққа әкеліп, жайғастырдым да, болған жайды асықпай, анықтап айтуын талап еттім.

дереккөз

Көршім өте жабырқаңқы бейнемен  басын төмен салып біраз отырды. Сәлден соң терең бір тыныс алып, бар күш-жігерін қайта жинағандай болды. Басын  көтеріп көзінің астымен менің үрейлі жүзіме қарап «Біздің ұл көлігі соғылып жол апатына ұшырапты. Не дейді? Жүрегім зу ете түсті. Иегі кемсеңдеген көршім:  – «Сен мені тездетіп Алматыға шығатын жолдың бойындағы Көксу аудандық ауыруханасына жеткіз» – деп, өтінді. Оның сөзін ести сала зыр жүгіріп үйге кірдім. Көңілім астаң-кестең. Айналғам жоқ. Үстіме оңтайлы киімдерімнің бірін іле салып, көлігімді оталдырдым. Қас қарая  көрші жігітті отбасындағыларымен бірге көлікке отырғызып, Көксу ауданын бетке алдық. Жалғыз ұлының не күйде жатқанын біле алмай, жол бойы бірнеше мәрте естен танып, құлаған ерлі-зайыптының ауық-ауық көңілін аулаған болам. Басқа не шара? « Жақсы сөз жарым ырыс» деген ғой. Бар білген жақсы сөзімді айтып, сабырға шақырумен болдым.

Асыққанда әудем жердің алыстап кететіні бар емес пе? Әйтеуір бірде екі көзіміз төрт болып қара жолға қадала-қадала аудандық емханаға да жеттік. Табалдырықтан аттай бере жолыққан біреуден жөн сұрап, үшінші қабатқа  көтерілдік. Келесі есіктің алдында отырған кезекші бізді онан ары кіргізбеді. Зал толы адам арылы-берілі айқасып өтіп жатыр. Олардың  арасынан емхана  дәрігерлерінің бірін тауып, баланы жаңа ғана  шұғыл ота жасауға алып кіргенін ұқтық. Сол сәтте менің бар қолымнан келгені:  – Жақсы болады аға, бәрі де жақсы болады дей беріппін. Жалғыз ұлының аман қалуын тілеп, екі көзі  төрт болып отырған жандарға ол да болса демеу ғой. Осыдан 5-6 сағат өткенде бір дәрігер шығып баланың бірінші  отадан аман-сау шыққанын жеткізді. Бірақ,  жағдайдың біз ойлағаннан әлдеқайда ауыр екенін айтқан ол, таң ата балаға шұғыл қан қажет болатынын ескертті. Сонымен, баланың әкесіне ұлын бір көріп шығуына рұқсат етті.  Осылайша, емхана залында көрер таңды көзімізбен атырдық. Күн шыға дәрігердің тапсырмасымен қан дайындауға қамдандық.

Алдымен  ауылдағы көмек көрсетеді-ау деген  жақын-жағалас, көрші-қолаң, ағайын-туғандардың барлығына қоңырау шалып болған жайды хабарладық. Хабар тиісімен ауылдағы бес-алты азамат бала үшін ерікті қан тапсыруға келіпті. Өкінішке орай, олардың бірде бірінің қаны сәйкес келмегендіктен басқа жақтан қан сатып алдыруға тура келді. Арттан жеткен ағайындармен ақыл қосып қалтамыздағы бар тиын тебенімізді жиып ортаға салдық. Енді қан  сатып аулға ыңғайланып жатқанымызда бала қайтыс болды деген суық хабар жетті. Төбемізден жай түскендей болдық. Емхана ғимаратын басына көтеріп күйзеле күңіренген отбасы мүшелерін бір бірден сүйемелдеп сыртқа шығардық. Ал, дәрігерлер болса мәйітті сол орыннан шығарып алуымызға рұқсат етпей облыстық аурухананың өлік сақтау орынына ала жөнелді.  Ізінше марқұмның ата-анасын алып біз де жеттік.

Мәйітхананың алатын тиісті төлемдерін төлеп, қажетті құжаттардың барлығын қолға тигізген соң сүйекті алып шығуға беттедік. Арамыздағы екі ақсақал сыртқа мәйітті көтеріп шығатын бірнеше азаматты дайындап қойып, өздері ішке еніп кетті.  Шамалы уақыттан кейін олар кірген есіктен шыққан айғай шу бәрімізді елең еткізді. Біз іштегі болған жайды білуге есікке қарай ұмтылдық. Ішкі есіктің алдында үстіне тұтас көк түсті киім киген біреу тұр. Аузы-мұрны да тұмшалаулы. Ақсақалдардың бірі оған: «Сендерде ар ұят деген бар ма? Сендер енді басқаның бәрін бітіріп, адам өлігіне де ауыз салайын дедіңдер ме?  Ой, өңкей қорқаулар»  –  деп, оны жерден алып, жерге салып жатыр екен. Ал, көк киген адамда үн жоқ. Бетімен  жер басып, төмен қарап тесіліп тұр. Бірде ол, басын сәл көтеріп аға, ашуланбаңыз менде бөгде ниет болған емес. Тек, оның кешегі отадан кейінгі тіккен жері сәл ыдырап кетіпті. Мен  соны  қайта тігейін деп қамданып жатқанмын деп міңгірлейді. Сонымен, бұл ұрыс-керістен ұққанымыз, әлгі сұмпайы қарттар  кіргенде  өз құрал саймандарын дайындап, баланың жүрек, бүйрек сынды дене мүшелерін еш сұраусыз кесіп алғалы жатыпты. Біз кіріп барған соң, көп аялдамаған қарт оған бұрылып: «Сені осы қылығың үшін сотқа берсем,  оңбай омақасасың. Егер өзіңнің туған ұлың осы жағдайға тап болып, басқа біреу саған осылай жасаса сен не күйде болар едің? Бірақ, біз тектілігімізді жоймаған кең пейіл қазақтың баласымыз ғой. Мен мұнда қаза тапқан жанның құлағын шулатпай-ақ қояйын. Ал, сендер осы қылықтарыңды қоймасаңдар адам емес, Алланың қаһарына ұшырайсыңдар»  – деді де, мәйітті азаматтарға  көтертіп алып шықты.

 Ол аздай, бас-аяғымызды жинап енді аттанғалы жатқанымызда жанымызға қара түсті бір жеңіл көлік келіп тоқтады. Одан әдемі киінген жасы 25-тер шамасындағы екі жас жігіт түсті. Оның  бірі баланың әкесі кім деп сұрады. Мен «мұнда» дедім, жанымда тұрған адамды нұсқап. Жігіттер онсыз да тауы құлап, қайғыдан қан жұтып тұрған баланың әкесіне бұрылып өзінің тергеуші екенін айтты. Ол, осы істің бітуіне бастан аяқ күн-түн демей жүгіргенім үшін маған 100  АҚШ долларын бересіз деп, қалағанын алып ол кетті. Сонда өксігін баса алмай егіліп жылаған  көршімнің аянышты халіне қарап, маған мынадай бір ой келді. «Біреуге жан олжа, ал, енді біреуге мал олжа». Жатса-тұрса жер бетіндегі қатыгездік пен қарақшылықтан үлгі алып өскен мына заманның жастарынан күтер мейірім осы ма еді? Бұлар, адамды қойғанда 18 мың ғаламның жаратушысы жалғыз Алладан да еш қаймығар емес. Баяғыда әжем марқұм бізге:«Балам аштан өліп, көштен қалсаңдарда бүлінгеннен бүлдіргі алмаңдар» — деуші еді. Аталы сөз дәл осындайға қарата  айтылса керек. Көзіммен көрген істен көңілім қалып, ішімнен мың мәрте тәубемді үйірім де,  көршімді қолтықтап кете бардым.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK