Атаулы көмек кімдерге тиесілі?

396

Биылғы  жылдың үлкен жаңалығы — 1-қаңтардан бастап елімізде жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек жүйесі енгізілді. Бүгінде бұл іске Талдықорған   қалалық жұмыспен қамту орталығы атсалысуда.

Қазіргі таңда табысы төмен  отбасыларының  құжаттарын  қабылдау   ісі қолға алынып отыр.  Жыл басынан бері 1 мыңнан астам тұрғын  кеңес алды. Нәтижесінде, 760 құжат жинақталды.

Бұл жәрдемақы жұмыспен қамтуды белсенді ынталандыру шаралары бойынша еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің міндетті түрде қатысуын ескере отырып, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-нан кем отбасыларына беріледі.

Негізгі өзгеріс — аз қамтылған азаматтарға немесе отбасыларға мақсатты әлеуметтік көмек көрсету. Атаулы әлеуметтік көмек — қолданыста болған көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, осы 3 әлеуметтік төлем  бірыңғай жәрдемақыға біріктіріліп отыр.

Мамандардың айтуынша, жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі қарастырылады: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты ана) ұсынылатын болады.

Ал, шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға  беріледі.  Бүгінде қалалық  жұмыспен  қамту орталығына келіп түскен өтініштер көмек беру түріне қарай  саралану үстінде.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK