Елімізде  қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Осы кәсіби мерекеге орай бүгін Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, сала қызметкерлерін құттықтады.

— Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Баршаңызды облыс басшысының атынан  кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көп балалы  және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен қамқорлықтарыңыз ерекше атап өтуге тұрарлық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік жаңғырту саясатын жүзеге асыру бағытында облыста әлеуметтік саланың көрсеткіші 19 пайызға артып, 52 млрд. теңгеге жетті. Бұл салада 3 мыңнан аса қызметкер еңбек етеді. 76 ұйым арнаулы әлеуметтік, 46 бөлімше үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетіп келеді. Үстіміздегі жылдың 9 айында өңірде жаңа өндірістердің ашылуы, шағын кәсіпкерліктің дамуы және инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылуы есебінен 56,2 мыңнан астам жұмыс орындары құрылып, 30100 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайыздан 4,8 пайызға төмендеді. Бұл – «Еңбек», «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы.  «Мейірім  жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді  халық даналығы. Осы салада  жеткен  жетістіктердің барлығы – ізгілік  пен адамгершілікті ту еткен  еселі еңбектеріңіздің  жемісі. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді облыс  әкімінің орынбасары.

Фото Д.Ерофеева

Салтанатты жағдайда, «Қазақстан Республикасы Конституциясына -25 жыл» мерекелік медалі   «Шапағат» Текелі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры А.Нұрмыханова, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі орталықтың директоры Ә.Садықова, «Қаратал» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған күндізгі орталықтың директоры И.Байғазақова құрметпен табысталды.

«Еңбек жолы» облыстық  байқауының қорытындысы шығарылды. «Үздік еңбек әулеті» номинациясына Қалиевтар әулеті,  «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» — Сарқан ауданындағы «Нұр» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры А.Асқарова, «Өндірістің үздік жас жұмыскері»  аталымында «Мойнақ» ГЭС» АҚ электр монтеры А.Курбанов қаржылай сый-сияпатқа  ие болды. Халықты әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша белсенділік танытқан  Талғардағы «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, Балқаш пен Алакөл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің әрқайсысы 50 мың теңгенің сертификатын  иеленді.

 Сондай-ақ,  бірқатар азаматтарға облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ,  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру жәнеәлеуметтік бағдарламалар басқармасының  Алғыс хатымен марапатталды.

Биылғы жылы пандемияның салдарынан көп адам жиналуға болмағандықтан,  әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына қосқан үлесі үшін және кәсіптік мерекеге орай қашықтан құттықтау өткізіліп, бірнеше мекеме басшысы мен қызметкеріне алғыс жарияланды. Тікелей байланыс арқылы  Қаратал ауданының еңбек ардагері Серік Амандосов жылы лебізін білдірді. Ал жас маман Жансерік Адиахметов  үлкен құрметке ие жандардың еңбегіне табыс тіледі.

Шара Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы өнерпаздарының  концертіне ұласты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK