Бүгін Талдықорғанда ауыл шаруашылығы саласының үздігі, әрі Алматы облысының құрметті азаматы Амантай Зиядановқа естелік тақта орнатылды. Еңбек ардагерінің бейнесі салынған тақтайша өзі тұрған үйдің қабырғасына ілінді, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Салтанатты шарға жиналғандар ардақты тұлғаның ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі екенін айтып, оның ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегін баяндады.

А.Зияданов – Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарасу ауылының тумасы. Еңбек жолын 1958 жылы Қызылтаң совхозында жұмысшы болып бастаған. 1960 – 1965 жылдар аралығында Семей зоотехникалық – малдәрігерлік институтында білім алып, малдәрігері мамандығын меңгерген. Әр жылдары Қызылтаң қой совхозында ферма веттехнигі, бас малдәрігері, аудандық малдәрігерлік станциясының бастығы, І.Жансүгіров атындағы ұжымшар төрағасының орынбасары, аудандық бас малдәрігері, «Жаңақоғам» кеңшарының директоры қызметтерін атқарған. Бұдан бөлек, «Ақсу» өндірістік кооперативті, «Қабырғатал – өнім» өндірістік кооперативінің төрағасы қызметін атқарды.

Ауыл шаруашылығы өндірісі саласында аянбай еңбек етіп, тер төккен жылдары Амантай Зиядаұлы басқарған шаруашылықтың экономикасы өркендеп, аудан, облыс, көлеміндегі үздік шаруашылықтардың бірі болды. Қант қызылшасын өсіріп, одан жоғары өнім алуда әрдайым аудан шаруашылықтарының алдында болып келген. Жасаған еңбегі бағаланып көптеген медальдармен, грамоталармен марапатталған. Өмір бойы Ақсу ауданының шаруашылық мекемелерінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Алматы облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі. Ардақты азамат 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Айта кетейік, естелік тақта орнату шарасы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында, Талдықорған қалалық ардегерлер кеңесінің бастамасымен, шаһар басшысының қолдауымен жүзеге асып отыр. Ұйым төрағасы Ақшабай Керімбековтың сөзінше, елімізге, оның ішінде облысқа және Талдықорған қаласының гүлденуіне атсалысқан ардақты тұлғаларға 28 естелік тақтасын орнату жоспарланған. Бүгінде соның 20-дан астамы ашылып үлгерді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK