Батпандап кірген аурудың әлі де шығатын түрі жоқ. Қазір күллі әлем коронавирус инфекциясымен күресуде. Баршамызға мәлім аталмыш індет елімізді де айналып өтпеді. Осының кесірінен 1700-ден астам отандасымыз көз жұмды. Ал, әлем бойынша адам өлімінің көрсеткіші тіпті қорқынышты. Енді болжам бойынша пандемияның екінші толқыны болуы ықтимал дейді мамандар. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұған дайын болу керектігін айтып, арнайы органдарға тапсырма жүктеген болатын.

Осыған орай Талдықорғанда арнайы мониторингтік топтар құрылды. Бүгінде эпидемиалогиялық ахуал ушықпас үшін олардың қатысуымен қоғамдық орындарда, сауда аумақтарында, автобустарда тұрақты рейд жүргізілуде.

Тексеріс жұмыстарының нәтижесіне сәйкес 116 нысанда карантин режимі сақталмағаны анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы, 1-тармағына сәйкес әр қайсына 30 айлық есептік көрсеткіш (83 340 теңге) көлемінде, барлығы 9,6 млн. теңге айыппұл салынды.

Мамандардың сөзінше, түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатса да карантин режимі сақталар емес. Мәселен, өткен аптада  санитарлық талаптарды бұзу бойынша 20 дерек тіркелген. Оның 16-ы шағын дүкенде анықталып отыр, сатушыларында маска мен қолғап жоқ, 3-і жеке тұлға, олар қоғамдық орында бетперде тақпаған және 1-і «Ұлар» мейрамханасында тіркелді, ол жерде 80 адамға ас берілген.

Мониторингтік топтың мәліметінше, қала әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында карантин талаптарын сақтау жауапкершілігі туралы 255-ке жуық түсіндірме-ақпараттандыру хабарламалары жарияланып, тұрғындармен кері байланыс орнатылған. Қоғамдық көліктер мен аялдамаларға 510 дана ақпараттық материал жапсырылды, тұрғындарға 30 мыңнан астам дана жадынамалар таратылды, қаланың көрнекі жерлеріне 41 баннер ілініп, 2 монитор мен 8 аспалы LED-экраннан басты ережелер көрсетілуде. Баспасөз бетіне 1335 мақала шыққан.

Айта кетейік, індет басталғалы қалада 1 504 коронавирус диагнозы тіркелген, оның ішінде арнайы белгілермен – 461, симптомсыз – 1043 адам ауырған.

Енді соңғы деректерге тоқталсақ, 13-19 қазан айының аралығында коронавирус ауруы 13 адамнан анықталды. Соңғы аптадағы өсім – 0,1% құрап тұр. Жалпы, 868 адам індеттен айықса, науқаспен байланыста болған 76 адам үй карантинінде ем алуда.

Қазір облыстық балалар ауруханасы мен облыстық ауруханада 40 адам емделіп жатыр, оның 13-і коронавирус (9-ы аудандардан келген), 22-і пневмония диагнозымен (4-і аудандардан келген). Бұл екі ауруханада инфекциялық 35 орын, провизорлық 160, барлығы 195 төсек орын бар. Провизорлық және инфекциялық бөлімдер 95 концентратор және 24 ИВЛ аппаратымен қамтылған.

Дәрігерлердің айтуынша, 13 мамырдан бүгінгі күнге дейін 29 914 адамнан тест сынамалары алынды. 13-19 қазан аралығында 1 397 адам тест тапсырған.

Ал, 19 қазан күні «Жедел жәрдем» қызметіне 295 шақыру келіп түскен. Медициналық көмекті 17 бригада, 7 дәрігер, 86 фельдшер көрсетуде. Бұдан бөлек, № 1 және № 2 қалалық емханалардың жанынан 11 мобильді медициналық бригадалардың жұмысы ұйымдастырылған. Мұнда 20 қазан күні 38 шақыру бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетілді. 1 шілде мен 19 қазан аралығында барлығы 4 747 шақыру тіркелген.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазір дәріханаларда антибактериялық, вирусқа қарсы және ыстықты түсіретін препараттар жеткілікті. Дәрі қоймаларында 64 564 қорап дәрі мен 3 млн. астам дана маска бар. Жақын арада 102 697 қорап дәрілік препарат, 4 млн. астам дана маска келмек. Сондай-ақ, әкімдіктің қорында 525 литр антисептик, 100 арнайы костюм, 8 800 маска (бір реттік), 600 маска (көп реттік), 8 тепловизор, 4 900 бір реттік қолғап бар.

Демеушілердің қолдауы. Күрделі кезеңде «Нақ-БІРЛІК» қоғамдық қорына 8,9 млн. теңге жиналды, оның ішінде 6 млн. теңгеге әртүрлі дәрі-дәрмектер мен концентраторлар алынды, медицина қызметкерлерін (55 қызметкер) ынталандыру мақсатында 1,4 млн. теңге сыйақы төленді. Қазір қорда 1,5 млн. теңге бар. Бұдан басқа, демеушілердің көмегімен 156 оттегі концентраторлары, 31 тонометр, 7 пульсоксометр, 210 қорап әр түрлі дәрілік препараттар, 4 мың медициналық маска, 130 литр спирт алынып, провизорлық және инфекциялық стационарларға берілді.

Ш.Уәлиханов атындағы №10 ОМГ ұжымы облыстық балалар көпсалалы ауруханасына 1 концентратор табыстады. Сондай-ақ, «АСПМК-519» ЖШС ұжымы да балалар ауруханасына 3 төсектік монитор жабдығын сыйлады. Сонымен қатар, «Аналар алқасы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Халқы Ассамблеясының республикалық «1000 алғыс» акциясы аясында  облыстық аурухана ұжымына 50 мың теңгеге азық-түлік табыстады.

Айта кетейік, Президент тапсырмасы бойынша клиникалық диагностикалық зертханаларда COVID-19 анықтайтын ПТР тестілеудің құны 8 мың теңгеге дейін арзандады. Бұған дейін коронавирусты анықтайтын тест құны жеке орталықтарда 12300 теңгеден 15000 теңге аралығында болатын.

Қала тұрғындарының пікірі

Ақмарал Серікқызы: — Жалғыз біздің мемлекет емес, бүгінде күллі әлем коронавирустың зардабын тартып жатыр емес пе? Ойланатын жағдай. Сондықтан бұл індетке немқұрайлы қарағанымыз жарамас. «Тәртіпке бағынған – құл болмайды» демекші, санитарлық, гигиеналық талаптарды бұлжытпай орындап, карантин режимін сақтауымыз керек. Сонда ғана осы аты жаман ауруды ауыздықтаймыз.

Сәтбек Сақып: — Менің білуімше, әзірге эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда, бұл – еркінсуге рұқсат деген сөз емес. Аты жаман індет толығымен жойылсын десек, карантин ережелерін бұлжытпай орындауымыз тиіс. Сақтанғанды, Құдай сақтайды. Өзіміздің және жақындарымыздың өміріне жауапкершілікпен қарайық.

Карантин режимі кезінде санитарлық нормаларды сақтау жауапкершілігі туралы ереже 

  • Қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, адамдар көп жиналатын орындарда, сауда және сервистік объектілерде бір рет қолданылатын немесе көп рет қолданылатын бетперделерді кию;
  • қолды дезинфекциялауға арналған антисептик қолдану немесе бір реттік қолғап кию;
  • әлеуметтік қашықтықты 2 метрден кем емес сақтау;
  • бір отбасынан шыққан адамдардан басқа, қоғамдық орындарда 3 адамнан артық топтасып жүрмеу керек.

Ал, карантиндік шаралар кезінде жұмыс істейтін объектілер мынадай санитариялық және дезинфекциялық режимдерді сақтауы қажет:

— жұмысы қашықтан жүргізілетін қызметкерлерді қашықтан жұмыс режиміне көшіру;
— кіру және шығу кезінде қолды өңдеу үшін санитайзерлер орнату;

— барлық қызметкерлерге бір рет қолданылатын бетперделер мен қолғаптарды пайдалану;

— едендерді және үстелдердің, сөрелердің, орындықтардың, баспалдақ тұтқаларының, есіктердің барлық беттерін қолдану нұсқаулығына сәйкес күніне кемінде 3 рет дезинфекциялық құралдармен өңдеу; — келушілердің бетпердесіз болуына жол бермеу;

— келушілердің әлеуметтік қашықтығының 2 метрден кем емес сақталуын қамтамасыз ету.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK