Талдықорған қаласындағы Алматы облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінде арнайы жиын өтті. Оған қорғаныс саласының жетекші-мамандармен қатар аймақтағы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты Алматы облыстық филиалының және қалалық ішкі саясат бөлімінің басшылары қатысты.

Басқосудың басты мақсаты –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылдың бірінші қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауын әскери саладағы қызметкерлер арасында жан-жақты нәсихаттау. Жиналған қауым алдында сөз алған Талдықорған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған әрбір бағытқа жеке-жеке тоқталып, оның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол: «Мемлекет басшысы «біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз» деген еді. Жалпы мемлекет басшысының бұл Жолдауы ел экономикасын еселеуге  тың серпін беріп, дамуға  дара жол ашады»,– деді.Осыдан соң  «Jas Otan» жастар қанаты облыстық  филиалының орынбасары Мақсат Құлтайұлы атқарылған шараларды тілге тиек етіп, аймақта арнайы үгіт-насихат тобы құрылғанын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған қорғаныс істері департаменті басшысының бірінші орынбасары – штаб басшысы, подполковник Аркадий Злобин басқосуды ұйымдастырған ішкі саясат бөлімі басшыларына өз алғысын айтып, бұдан былайғы өтетін әрбір шараға бірге атсалысатынын білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK