ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің жедел желісіне қыркүйекте 800-ден аса азамат, 2020 жылғы 26 наурыздан бастап, барлығы жедел желі іске қосылған күннен бастап қаржы реттеушісіне 22,3 мыңнан астам азамат өтініш жасады.

Қыркүйекте азаматтар «Fingramota Online» мобильдік қосымшасын белсенді түрде пайдаланды, оны қаржы реттеушісі 2020 жылғы 25 маусымда іске қосты. «Fingramota Online» — бұл ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің халықпен және бизнеспен қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаржы және өзге ұйымдардың қызметі, қаржылық сауаттылықты арттыру және басқа да мәселелер бойынша өзара іс-қимылының ыңғайлы құралы. Осы мессенджер арқылы Агенттікке 860-ден аса сұрақ түсті, бұл халықпен және бизнес өкілдерімен кері байланысты нығайту үшін осы құралдың қажеттілігін білдіреді.

Назарларыңызға азаматтардың жиі беретін сұрақтарына жауаптарды ұсынамыз.

Маған онлайн-кредиттер беретін бір ұйымнан хабар — оферт шарты бойынша міндеттемелерден жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту келді және хабарда ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс департаментіне сұрату жіберілгендігі көрсетілген. Бірақ мен ешқандай кредит алған жоқпын. Менің атыма басқа кредит ресімделуі мүмкін бе? Қайда өтініш жасап білуіме болады?

— Сіздің атыңызға кредитті заңсыз ресімдеу фактісін анықтауға кредиттік тарих мүмкіндік береді. Кредиттік бюроның деректер базасында бүкіл Қазақстан бойынша әр банктің және кредиттік ұйымның барлық қарыз алушылары туралы мәліметтер бар. Сол себепті өзіңіздің кредиттік тарихыңызды жүйелі түрде тексеріп тұру қажет. Есіңізде болсын, дербес кредиттік есептегі ақпарат конфиденциалды болып табылады. Оны үшінші тұлғаларға жария етуге болмайды!

Егер кредиттік есепте сіз алмаған кредит туралы ақпарат бар болса, сіз кредиттік ұйымның атауын анықтап, осы ұйымның ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің реттеу аясында тұратындығын тексеруге тиістісіз. Мұны қаржы реттеушісінің сайтынан алуға болады. Егер Агенттік осы ұйымды реттейтін болса, қаржы реттеушісіне өтініш беру қажет. Міндетті түрде құқық қорғау органдарына өтініш бере отырып, жүгініңіз. Мұндай заңсыз кредиттер беру фактісін қатаң түрде тоқтату қажет! Бұдан басқа, Сізге барлық ақпаратты толық көрсете отырып, осы ұйымға өтініш жазуыңыз керек. Төлем картасы немесе жеке басын куәландыратын құжат жоғалған жағдайда расталған анықтаманы қоса беру қажет. Міндетті түрде ішкі қызметтік зерттеу жүргізуді талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуге тиіс, өтінішті қабылдау күні бар тіркеу нөмірін өзіңізге қалдыратын өтініштің көшірмесіне қою қажет.Бұдан басқа кредиттік ұйым шарттардың, оның қосымшаларының және жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсынуы тиіс. Кредит берген және шартты ресімдеген қызметкердің деректерін нақтылаңыз. Қарыз шартында қойылған қолдың алушының қолы еместігін анықтайтын қолжазбаны тексеру сараптамасы тағайындалуы тиіс. Егер бұл онлайн кредит болса, онда полиция IP арқылы қаскүнемдерді анықтай алады. Сіз өзіңіздің конфиденциалды деректеріңізді (жеке басын куәландыратын құжаттар, карта деректемелері, шоттар және т.б.) бөтен адамдарға немесе жолдастарыңызға және туыстарыңызға берген-бермегеніңізді еске түсіріңіз. Өкінішке қарай сіздің атыңызға кредитті ең жақын адамдарыңыз ресімдеуі мүмкін. Сондықтан үнемі сақ болыңыз және кибергигиенаны сақтану қажет.

— Мен Интернетте сауда алаңдарының бірінде интернет-алаяқтығының құрбаны болдым. Мен бір зат сату туралы хабарландыру қойдым, сатып алушы менімен WhatsApp арқылы байланысып сілтеме жіберді, сол жерде жеткізу болған сияқты көрсетілді. Мен сілтемемен жүріп, сол жерде өз картамның деректерін көрсеттім, содан кейін картамдағы барлық ақшамды бірден шешіп алды. Картамда ақша аз болған еді. Не істеу қажет?

  • Пайдаланушылардың мұқият еместігі не киберқауіпсіздік қағидалары туралы білімінің жетіспеушілігі Интернетте алаяқтыққа неғұрлым жиі себеп болады. Қаржы алаяқтары негізгі мәні біреу — пайдаланушыны күмәнді сілтемемен жүруге, сол жерде өзінің жеке деректерін, оның ішінде карточканың деректемелерін қалдыруға мәжбүрлейтін және ақша алатын түрлі схемалар ойлап табады.Сақтау арқылы өзіңізді және әмияныңызды қаржы алаяқтарынан және болжанбаған жоғалтулардан қорғайтын қарапайым ұсыныстарды есте ұстаңыз:

* Ешқашан әрі қандай жағдай болмасын бөтен адамдарға өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттардың көшірмесін қоса алғанда, дербес деректеріңіздің ауызша да айтпаңыз және жібермеңіз. Қаржы мәселесінде ешкімге сенбеңіз!

*Жалған сатып алушыларға, жалған менеджерлерге және түсініксіз сілтемелер жіберетін немесе өзіңіздің дербес деректеріңізді сұрайтын басқа тұлғаларға сенбеңіз.

* Төлем карточкасының деректемелерін ешқашан бермеңіз және еш жерде, оның ішінде әлеуметтік желілерде жарияламаңыз.

* Қаржы ұйымдарының қызметкерлері ұсынатын бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеңіз, оларға жеке деректеріңізді ашып айтпаңыз. Ең дұрысы, әңгімені аяқтаңыз.

* Конфиденциалды ақпаратты енгізу, тіркелу талап етілетін сайттарда HTTPS:// префиксінің болуын тексеріңіз.

*Егер сіз ұйымның сайты немесе парақшасы жалған екеніне күмәндансаңыз, осы ұйымға хабарласыңыз және ақпаратты нақтылаңыз.

*Қол қойылған барлық құжаттарды мұқият оқып шығыңыз, көрсетілген деректердің дұрыстығын тексеріңіз. Бұл қарапайым қағидалар сізді қаржылық алаяқтардың қармағынан құтқарады!

Менде Tengri Bank-те депозит пен шот болды. Оған берілген лицензия қайтарып алынды. Енді мен не істеуім керек?

-Теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер, сондай-ақ төлем карточкаларындағы және банк шоттарындағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) кепілдігінде болады.

Tengri Bank-тің 99% салымшылары — жеке тұлғаларының депозиттері қордың толық көлемдегі кепілдігімен жабылады. Жеке тұлғалардың, оның ішінде дара кәсіпкерлердің барлық ағымдағы шоттарындағы ақшаға, ең жоғары кепілдік берілген сома шегіндегі төлем карточкаларын қоса алғанда, кепілдік беріледі. Депозиттер бойынша есептелген, сондай-ақ капиталдандырылған пайыздар да кепілдікке түседі

Төлемдер банк лицензиясынан айырылған күнге негізгі борыш пен банк есептеген сыйақы сомасы шегінде жүзеге асырылатын болады.

«Tengri Bank» АҚ салымшылары кепілдік берілген өтем төлемін алу үшін 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін агент банк ретінде таңдалған Еуразиялық банктің барлық бөлімшелеріне өтініш жасауы керек еді. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін банк салымшылары кепілдік берілген өтемді төлеу үшін тікелей ҚДКҚ-ға жүгіне алады.

-Мен ипотекалық қарыз алушы болып табыламын, бірақ ХӘОТ санатына жатпаймын. Алайда осы санатқа менің қоса қарыз алушы – жұбайым, 2-топтағы мүгедек жатады. Бағдарлама бойынша жақсарту талаптары маған беріледі ме?

-Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 қыркүйекте қабылдаған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес Бағдарламаның жақсарту талаптары сондағы қоса қарыз алушы, кепіл беруші, кепілгер ХӘОТ мәртебесі бар қарыз алушының жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы болып табылатын қарыздарға да қолданылады. Осыған байланысты Сізге тиісті өтінішпен өз банкіңізге жолығуды ұсынамыз.

-Банктен кредит алайын деп едім, бірақ маған кредит беруден бас тартылды. Бұл бұрын мен мемлекеттен әлеуметтік көмек алғаныма байланысты емес пе?

-Қарыз беру туралы шешімді қаржы ұйымдары жеке тәртіппен қарыз алушының кредиттік тарихын және төлем қабілеттілігін талдау негізінде қабылдайды. Кредиттеу талаптарын, қарыздар берілетін тұлғалар санаттарын, ол үшін қажетті олардың төлем қабілеттілігінің өлшемшарттарын, сондай-ақ кредиттеудің өзге де талаптарын екінші деңгейдегі банктер «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес Банктің Директорлар кеңесі бекітетін Операцияларды жүргізудің жалпы талаптары туралы қағидаларда, ішкі кредиттік саясатында дербес айқындайды.

Банк кредиттеу кезінде өзіне белгілі тәуекелдерді, оның ішінде қарыздарды қайтармау тәуекелін қабылдайды. Осыған байланысты банктер тәуекелдерді азайту мақсатында әлеуетті қарыз алушының тұрақты табысының болуын, жасын, азаматтығын және басқаларын негізге ала отырып, оның кредит төлеу қабілеттілігіне алдын ала талдау жүргізеді. Бұл ретте қарыз беру туралы оң шешім қабылдау үшін қарыз алушының теріс кредиттік тарихының болмауы маңызды фактор болып табылады.

Сіз қаржылық қызметтерді тұтынушы ретінде өз құқықтарыңыз бұзылған деп санаған жағдайда, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Сізге ыңғайлы кез келген тәсілмен: жазбаша өтінішпен, Алматы қ., Көктем 3 ш/а., 21-үй, 1-кіреберіс мекенжайы бойынша кеңсеге оны қалдырып, Агенттіктің www.finreg.kz сайты арқылы кері байланыс бөлімінде, info@finreg.kz, TAL@finreg.kz электрондық пошта бойынша немесе электрондық үкіметтің порталы арқылы өтініш жасауға құқылысыз.

Банк менің пәтерімді өз балансына алды. Қайта қаржыландыру бағдарламасының шарттары бойынша оны қайтаруға мүмкіндік бар деп естідім. Мен қандай критерийлерге сәйкес келуім керек?

-Түзетулерге сәйкес, жалғыз тұрғын үйі Бағдарламаның қатысушылары болып табылатын және үшінші тұлғаларға сатылмаған, күмәнді активтерді басқару жөніндегі банктердің/ұйымдардың және ипотекалық ұйымдардың балансында тұрған азаматтар үшін тұрғын үйге меншігіне қайтаруға жол беріледі. Егер қарыз алушы/кепіл беруші және оның жұбайы (зайыбы), 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйі болмаса, тұрғын үй меншікке беріледі. тұрғын үйді беру бұрынғы меншік иесін қаржыландыру немесе банктің тұрғын үйді кейіннен сатып алумен, жалға беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Сатып алуға жататын бір тұрғын үйдің құны 50 (елу миллион) теңгеден аспауға тиіс. Жалға беру және қарыз шартының мерзімі 30 жылдан аспайды. Тұрғын үйді меншікке беру мүмкіндігін айқындау үшін тиісті өтінішпен өзіңіздің банкке жүгінуге ұсынамыз.

Мені коллекторлар мазалайды, бірақ менің несиелерім жоқ. Мен өз құқығымды қорғау үшін қайда жүгіне аламын?

— Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бұзылған жағдайда, сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне өзіңізге ыңғайлы кез-келген тәсілмен жүгінуге құқығыңыз бар: жазбаша өтінішпен, оны Алматы қ., Көктем ш/а, 21, 1 кіреберіс мекен-жайында орналасқан канцелярияға қалдырып, Агенттіктің www.finreg.kz веб-сайты арқылы кері байланыс бөлімінде, электрондық пошта: info@finreg.kz, TAL@finreg.kz немесе электрондық үкімет порталы арқылы жүгіне аласыз.

Өтініш беру кезінде өзіңіздің деректеріңізді және өтінішке қатысты толық ақпаратты көрсетіңіз: коллекторлық ұйымының атауы, қызметкерлердің аты-жөні және телефон нөмірлері және т.б. Өтініш заңнамада белгіленген мерзімде қаралады.

Құрметті пайдаланушылар, өз сұрақтарыңызды «Fingramota Online» қосымшасы арқылы жіберіңіз, біздің мамандар сізге қысқа мерзімде жауап береді. Қосымшаны мемлекеттік және орыс тілдерінде мына сілтемелер арқылы жүктеуге болады: App Store : https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211; Play Market: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals. Сондай-ақ «Fingramota Online» веб-нұсқасы да қолжетімді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK