Талдықорған қалалық полиция басқармасының мәжіліс залында «Бейбіт заманның батырлары» атты кездесу өтті. Аталмыш шараны қалалық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған. Бұл басқосуға ардагерлер және ішкі құқық қорғау салсаының қызметкерлері қатысты.

Шараның басты мақсаты – қала жастарын отансүйгіштікке баулып, олардың бойына ардагерлердің ақыл-кеңесі арқылы ұлттық жаңа болмысты қалыптастыру. Сондай-ақ, әрбір азаматтың темірдей тәртіпке бағынуын бекемдеп, қызметтегі адал жауапкершілігін арттыру.

Жиында сөз алған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков қалалық ардагерлер ұйымы  мемлекеттік сатып алу бойынша жарияланған ашық конкурсқа қатысып бірқатар міндеттерді атқаруға мүмкіндік алғандығын жеткізді. Атап айтсақ, оның ішінде ҚР Конституциясының 25, ел  Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерей тойына бағытталған ауқымды шаралар бар.

– Бүгін біз, қалалық ішкі істер басқармасының жас мамандары мен «Ұлы дала ұландары» «Бейбіт заманының батырлары» атты кездесуге жиналып отырмыз.  Жас ұландар, сіздер біздің болашағымызсыздар. Ал, бүгін аға буын ардагерлер сіздерге ақыл-кеңес беріп, жөн көрсетуде. Қарттардың  ұлағатты сөздерін, жақсы қасиеттерін жоғары жауапкершілікпен есте сақтап, үлгі алады деген ойдамын. Өздеріңізге мәлім жер жүзін жайлаған коронавирус індеті біздің аймаққа да жайылып, халық аурудан азап шеккен кезде осы облыстық, қалалық полиция азаматтары көз ілмей жұмыс жасап, өз міндеттерін абыроймен атқарды. Сол үшін мен сіздерге жалпы аймақтағы ардагерлер атынан ерекше алғыс айтамын»,– деді ол.

Осыдан соң полиция подполковнигі, ҚР ішкі істер министірлігінің құрметті ардагері Болат Молдабеков, зейнеткер подполковниг ішкі істер саласының және Көксу ауданынің құрметті азаматы Болат Қожақов жеке-жеке сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының ерен ерліктері туралы  баян етті.

Жиын соңында бірнеше ардагерге қалалық ішкі істер департаменті басшысының алғыс хаты табыс етілсе, таяуда екі баланы өрттен құтқарған студент Арман Бақтыбайұлы мен ардагер Болат Құсыманұлы ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK