Бүгінде праймериздің екінші кезеңі жүріп жатыр. Жер-жерде кандидаттар үгіт-насихатын жүргізуде. Мұнан бөлек партия тарапынан үміткерлер арасында пікір-сайыс өткізілуде. Кеше Текелі қаласында праймеризге қатысушылар сөз алаңында жолықты. Жоспарға сай 6 кандидат елдіктің, өркендеудің жайын айтты. Жан-жақты бағдарламаларын таныстырды.

Үміткерлерді қаладағы біраз жай толғандырады екен. Жол – қатынастың күре тамыры. Ал оның сапасыз болуы экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да тұрғындар үшін жайсыздық әкеледі. Бір кандидат осыны айтты. Келесісі сапалы ауыз сумен қамту жайын қозғай келе, су шаруашылығы, яғни егінге иек артқан диқандардың еңбегі еш кетпес үшін су тапшылығының болмауын сөз етті. Өзгесі, Текелі қаласын туристік аймаққа айналдыруды көздейді. Мұнан бөлек қозғалған басты тақырып ел Президентінің дәстүрлі Жолдауын жүйелі жүзеге асыру болса, бір үміткер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жандануына сүбелі үлес қосуды көздейді екен.

Айта кетерлік жайт, праймериз арқылы «Nur Otan» партиясы іскер, көшбасшы, ел сенетін тұлғаларды іріктеп, әлеуметтік лифт қалыптастырмақ. Жаңашылдықты қолдамасақ, жаңалануға үн қоспасақ, жаһандану деген көштің соңында қалмақпыз. Демек, праймериз – жаңашылдық қана емес, саяси жүйені ілгері сүйрейтін мықты механизм.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK