Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Баршаға белгілі,  үстіміздегі жылдың 10 — тамызында ұлтымыздың ұлы ақыны, ойшыл, ғұламасы — Абай күні мерекелер қатарына тұңғыш рет  енгізіліп, артына қалдырған мол мұрасын насихаттау мақсатындағы шаралар қолға алынған болатын. Ал, бұдан  ширек ғасыр  бұрын 1995 жылы Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Абайдың 150 жылдық мерейтойының  ЮНЕСКО көлемінде өткізілгені көпке белгілі. Абай – қазақ поэзиясының биік шыңы, құдіретті ақын. Хакімнің жүрекке дөп тиер ойлары мен туындылары ғасырдан-ғасырға жетіп, таусылмас  қымбат қазынаға айналды.

 

Семейдегі Абай ескерткіші басында

Президенттің «Абай және ХХI  ғасыр» атты мақаласында: «Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір жарым ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.

Қасиетті Семей

Қазақ елінің қай  аймағын алсақ та, киелі, тарихқа бай, қасиетті өлкелер көптеп саналады. Алматы облысы әкімдігі,  облыстық  ішкі саясат басқармасының қолдауымен  «Абай рухына тағзым» атты жоба  бойынша Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай құрылған топ  ұлылар мекеніне қарай бет алды. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Журналистер үйі алдына жиналған бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, ішкі саясат басқармасы мамандары, ҮЕҰ, партия  өкілдері бар топ Талдықорған – Семей — Жидебай – Қарауыл — Талдықорған бағытында жолсапарлап барып қайтты.

Талдықорған- Өскемен бағытындағы   күре жол жөнделіп жатқандықтан, ой-шұңқыр,қолқаны қапқан шаң, машақатты жол  киелі мекенге тәу ету мақсатын ұстаған топтың  меселін қайтара алмады. Қайта Абай,  Шәкәрім, Мұхтардай алыптар туған  өлкеге деген үлкен құрмет жүректен орын тепті.

 Алыптардың ізі қалған қасиетті өлке Семейден сапарымыз  басталды. Таңнан жауған жаңбырға қарамастан, қаланың  орталық бөлігінен орын тепкен  Абай атамыздың  ескерткіші  басына барып,   гүл шоғын  қойып, тағзым жасалды. Семей қалалық әкімдігі ұйымдастырған  салтанатты шарада Абай атамыз өз өлеңін оқып алдымыздан шығып қарсы алғандай әсер етті. Театрланған көрініс қойылды.

Семей қаласы  мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина жетісулықтарға ақ тілегін арнады: « — Қымбатты  жетісулықтар, киелі Семей шаһарына қош келдіңіздер!  Жетісу  мен Семей өңірінің рухани байланысы арта берсін!

Семей қаласы — Абай атамыздың  ізі,  Абай жолы, Абай қолтаңбасы қалған қасиетті жер.  Бұл жерде Абай атымен байланысты  орталықтандырылған  кітапхана,  музейлер, театрымыз бар. Осының бәрі — тарих. Тарихты құрметтеп, ақын мұрасын  дәріптеп келіп жатқан сіздерге үлкен рахмет».

Жалпы алғанда, ұлы ақынның мерейтойына арналып қолға алынған  шаралар өте  ауқымды екен. Бұдан бір жыл бұрын шаралардың жоспары жасалынып, бекітіліп қойылған көрінеді. Кеселді індетке байланысты оның бәрі онлайн түріне ауыстырылған.

Қонақтар Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және  әдеби-мемориалдық  қорық  мұражайына да ат басын тіреді. Мұнда бізді  директордың орынбасары  Мейрамгүл Сейітжапарқызы қарсы алды. Музейде күрделі жөндеу жұмыстар өткізілуіне орай   ғимаратқа кіру мүмкін болмады.  Алматы облысы әкімдігінің атынан Семей қаласы әкімдігіне, барлық музейлерге Абай бейнесі салынған естелік сыйлық табысталды.

Тарихтан белгілі, Абай да, Шәкәрім қажы да  мұсылмандықтың  мәнін түсініп, сауат ашқан. Ескі заманның  көнекөз қарттарындай  келе жатқан ағаш үй, түрлі  ғимараттардың бәрі Абай заманын еске салады. Сондай ғимараттың  бірі — Абайға әліппе негізін үйретіп, шығыс шайырларының еңбектеріне ден қоюға жол ашқан  Ахмет Риза медресесі еді.  Абай әдеби — мемориалды  музейіне қарасты  «Алаш арыстары және Мұхтар Әуезов» музей — үйіне де  жолымыз түсті.

 Тарихына көз жіберер болсақ, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайы — ақынның туғанына 95 жыл толуы қарсаңында Халық комиссарлар кеңесінің 1940 жылғы 1-сәуірдегі қаулысына сәйкес   ұйымдастырылады.  Қазіргі таңда ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында бұл жердің ауласына Абайдың екі ұлы –Ақылбай және Тұрағұлмен түскен суреттері негізінде ескерткіш орнатылу жоспарланған. Жөндеу жұмыстарына байланысты ескерткіш ашыла қоймапты.

Айтар үлкен ерекшелік, негізгі қорын 1885 жылы өлкетану мұражайына Абай тапсырған заттар құрайды.  Алғашқы жылдары мұражай Абай ақын Семейге келгенде ат басын тіреп, түсіп жүрген Бекбай Байысов пен Әнияр Молдабаевтың үйлеріне орналасқан болатын. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы  шәкірт Абайдың бейнесі көз алдымызға келді. Бала Абай осы Ахмет Риза медресесінен білім алады. Сол кездің өзінде мұнда  діни білім алып қана қоймай, шәкірттер ғылым дамуына қатысты пәндер бойынша дәріс алған. Мешіт-медресе имамы Ахмет Риза  Қазан жақтан білім алған сауатты адам болады.Бұл мешіт-медресе  кеңес тұсында қойма, кеңсе айналады. Ал соғыс жылдарында мешіт үйі өртеніп кетеді де,шәкірттер оқыған медресе үйі ғана сақталып қалған.Ол үй қазір  бұрынғы орыннан көшіріліп, Абайдың қорық-мұражайы  кешенінің қасына орналастырылған.

 Айта кетерлігі — Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай Абай мұражайы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайы болып қайта құрылды.   Сондай-ақ, қалалық кешенге Ахмет Риза медресесі мен мешіті, «Алаш арыстары және М.Әуезов» музейі кіреді.

1997 жылы Семей қаласындағы  Әнияр Молдабаевтың үйінде «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайы ашылды. Ол Мұхтар Әуезовтің Семейдегі өмірі мен қызметінен, сондай-ақ алашорда қайраткерлерінің өмірінен сыр шертер мәліметтерге толы  екендігін байқадық. Бұл ғимаратта Алаш қозғалысының басшысы  Әлихан Бөкейханов тұрғындармен кездескені турасында да дерек бар.Қазақтардың  бірінші облыстық съезі өтіп, онда Қазақ автономиясын құру туралы шешім қабылданады. Мұхтар  Әуезов  футбол ойнауды  жақсы көргендіктен, арнайы команда құрған.  Осы жерде автономияның орталығы Семейді Алаш деп атау туралы да уағдаласады. Алайда, алаштықтардың ойын солақай саясат тұншықтырып, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды арыстарымызды тұтқындады, түрмега қамады. Ату жазасын тағайындады. Шәкәрімдей ақынды құрқұдыққа тастап, мүрдесін алып, жерлеуге де рұқсат бермеді. Осылайша, ел қаймағы, арыстар жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

Мұнан соң  барған Семей  тарихи-өлкетану музейінің де тарихы тереңде жатыр. 137 жылдық тарихы  бар көне музей.  Кезінде Семейге жер аударылған демократтар және Абайдың бастамасымен  музей негізі қаланған.  Музей дамуына Абайдың шәкірті, ақын, философ Шәкәрім, жазушы Мұхтар Әуезов қолдау жасаған.    117 мыңға жуық жәдігерлер қоры бар. Табиғатпен үндестік тапқан бөлімде жүргізуші Абай ақынның  жылдың төрт мезгіліне  арнаған жырларын арқау етті.  Жер мен ел тарихын шерткен көз  тартар жәдігерлер кімді болмасын  бейжай қалдырмады.   Абайдың мерейтойына арнаған бөлім де осы жерде.

Қасиетті  шаңырақтың директоры Қайрат Зекенұлына  Алматы облысының  делегациясы атынан ризашылық білдірдік.

Сондай-ақ, шаһардың тарихын  тарқатар тағы бір орын  –  Ф. М.Достаевскийдің әдеби-мемориалды   музейіне  де барып, орыс жазушысының   қазақтың тұңғыш  этнограф ғалымы Шоқан Уәлихановпен  достығы,  Семей топырағында туған жазушының шығармашылығы турасында  музей қызметкерлері тамаша деректер келтіріп, баяндады. Музей ауласында Шоқан  Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің ескерткіші орын теуіпті. Қуғын-сүргін көрген  орыс классигі осы үйде тұрған. Оқырманның ыстық ықыласына ие болған «Өлі үйдегі жазбалар», «Сібір дәптері» тағы да басқа шығармаларын осы үйде отырып жазған. Шоқанмен жазысқан хаттары да құнды жәдігерлер қатарында.

 Ал Семей шаһарына келушілердің көзайымына айналған аспалы  көпір  қалаға кіргеннен менмұндалайды.  Ертіс өзені арқылы  өтетін аспалы көпір 2000 жылы ашылған.  Бүгінде  бұл көпір Семей қаласының символына айналған.

«Абай жолы » — жетісулықтардың  Семей қаласына  тартуы

Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Семейде  ауқымды шаралар қолға алынып жатқандығына куә болдық. Мұнда ақын мерейтойы құрметіне Абай мен Мұхтар Әуезов алаңдары, жаңа Арбат,  «Семей арена »  спорт кешені  ашылса, орталық саябақ жаңартылады деп күтілуде.  Өңірдегі игі істерге  Қазақстанның әр аймағы атсалысады, кейбір нысандарды сыйға тартады делінген бастама болған.  Әлемді жайлаған кеселді індетке байланысты бірқатар облыстар Семейге көмек көрсете алмады.

Алайда, бірден  — бір Алматы облысы ғана  берген уәде үдесінен шыға білді. Олай дейтініміз —  қаладағы Әуезов даңғылы бойындағы  қараусыз қалған алаңқайды алып, көркейтуге бел буған.

Бастаушы топ бізді Ертістің сол жағалауына бастап апарды.  Қазіргі уақытта Мұхтар  Әуезов даңғылы  мен Селевин көшелерінің қиылысынан ет комбинатына дейін созылатын  «Абай жолы» жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жол бастаушы Семей қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Соғымбай: « Семейліктердің  осы «Абай жолы» саябағында жүретін, серуендейтін күні алыс емес. Бүгінде жұмыс кестеге сай жүргізіліп, аяқталуға жақын. Алматы облысына өз ризашылығымызды айтқымыз келеді. Бұл – Абай атамызға деген құрмет. Мәселен, облыс бөлінген қаржыға бір ауылды ауыз сумен қамтуына, басқа да маңызды іске жұмсауына болар еді. Бірақ та, Алматы облысы әкімі сауапты іске,  ұрпақ қамына қажетті  игілікке арнады. Семей тұрғындары, жастары атынан үлкен ризашылық білдіремін».

  Байқағанымыз, қала тұрғындары таза ауада демалса, балалар  спортпен айналысып жүр, сондықтан да  денсаулыққа пайдасы  зор  таптырмас орын.

Қасымызға жақындаған  Семей қаласының тұрғыны Назым Шенеева  біздің Жетісу өлкесінен келгенімізді естіп, өз ойын бүкпесіз айтты.

«Мен осы қалаға көшіп келгеніме 15 жылдай болып қалды. Бұл жер қараусыз жатқан еді. Биылғы Абай атамыздың мерейтойы құрметіне Алматы облысы жұртшылығының тартуы дегенді естіп қуанып жатырмыз. Қариялар қолымыз боста осы жерге келіп, әңгіме -дүкен құрып, бір-бірімізден хал-жағдай сұрасамыз. Бұл жерде  балалардың  спортпен айналысуына да жағдай қарастырылып қойылған.  Мен өзім зейнеткермұғалім болғандықтан Абайдың нақыл сөздері жазылып қойылғанын құп көоемін. Бұл жер  қала жұртышылығы үшін таптырмас демалыс аймағы болады деген ойдамыз».

Кулия Айнабаева, Семей қаласы тұрғыны: -Осы жерге саябақ салынады дегенді естіп қуандық.  Қала тұрғындары жаз айында  ыстықтан үйге отыра алмай кетеді.  Сондай шақта  демалуға өте қолайлы. Немерелерді ойнататын алаң бар, өрендеріміз спортпен айналысады. Міне,Самира деген немерем алғашқы қадамын осы жерден бастады.

Адина Бейбітқызы, Семей қаласының тұрғыны:- Осы жерге бөбегімізбен серуендеп күнде шығып тұрамыз. Үйімізге жақын жерде саябақ салынып, оны Алматы облысы Абай атамыздың 175 жылдығына орай қолға алды  дегенді естіп қатты қуандық.Демалатын, серуендейтін орын осы жаңа Семейден салынып жатқандығына  тұрғындар өте қуанышты. Сіздердің аймақ басшысына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Менің кішкентай інім Жанәли қазір қашықтан оқып жатқандықтан, қаланың өзге бөлігінен біздің үйге, қасыма келіп алды.  Ол сабақтан қолы босағанда осы саябаққа келіп, спортпен айналысып жүр.

Айта кетсек, «Абай жолы» жобасы дегеніміз – ұзындығы 2100 метр болатын жаяу жүргіншілерге арналған демалыс орны. Жобаға, сондай-ақ, 1600 метрге созылатын веложол кіреді. Ол теміржол өткелінен басталып, ет комбинатына дейін жалғасады. «Асыл-Тау»  ЖШС  мердігер компаниясының  мамыр айында бастаған жұмысының басым бөлігі аяқталуға жақын. Жалпы алғанда, жобаға 600 млн. теңгеден аса қаржы қарастырылған. Мұнда, мың түп ағаш отырғызу жоспарланған.  Гүлмен көмкеріледі. Құрылысқа қажетті материалдар отандық. Мәселен, төселген тақтатастар, ілінген шамдар, орындықтар,қоқыс жәшіктері Семейде өндірілген. Ал, бордюр Текелі қаласынан әкелінген.

«Абай жолы» аллеясының Әуезов даңғылымен тоғысуы заңдылықтай көрінді. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған   бұл жоба    Семей тұрғындарына ерекше тарту болды.

  Шежірелі Шыңғыстау – ұлылар мекені

Киелі де тарихи Семей  қаласынан шығып,   Абай, Шәкәрім, Мұхтардай алыптар  дүниеге келген, кіндік қаны тамған  шежірелі Шыңғыстауды бетке алдық. Арада 180 шақырымдық жол жатыр. Бұл  өлкенің  әр тауы, тіпті әр шоқысы, сарқырай аққан суы да  тарихтан сыр тартады. Абай ауданы  Шығыс Қазақстанның  оңтүстік-батысында қоныс тепкен, орталығы –Қарауыл ауылы. Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жол жөндеу, мектеп салу, сумен қамту және жарықтандыру, сондай-ақ Жидебай музей-қорығын қайта жөндеу жұмыстары бар. Аудан орталығы Қарауыл ауылында алты көшеде жол жөндеу жұмыстары жасалып, жеті көшені жарықтандыру жүзеге асуда. Ауылда заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 300 орындық мектеп ақын мерейтойы аясында салыныпты.  Бүгінде  5 мыңдай тұрғыны бар аудан орталығын толықтай таза ауыз сумен қамту жоспарланыпты. Сахнамен жабдықталған ипподром, саябақ, ағаш егу жұмыстары қарқын алған. Аудан орталығы ерекше түрленіп, батырлар мен билерге арнап қойылған ескерткіштердің  айналасы күтімге алынғанын да сұрастырып білдік.

 Қасиетті,  ұлылар еліне таяған тұста бізді  Абай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалин қарсы алды. Ол кісі осы елге қадірлі ұлағатты ұстаз, Отан соғысының ардагері, жазушы,Мұхтар Әуезовтің  дарынды шәкірті, жазушы Кәмен  Оразалиндей тұлғаның баласы екен. Өзім осы жердің тумасы болғандықтан қазақ әдебиетінен  Абай атындағы орта мектепте сабақ берген  ұстазым көз алдыма келді.   Ұстаз ағай өз сабағында : -Абайдың 100 өлеңін білмесеңдер де, 20 өлеңін анық білулерің керек.  Алматыдан ақын-жазушы ағаларың келгенде  Абай аталарыңның өлеңін сұрайды. Сонда білмей тұрғандарың ұят болады  дейтін .  Өз сабағында   Абай өлеңдерін  оқудан жарыс өткізетін.  Қоятын сауалы: шауып аласың ба, шаппай аласың ба дейтін. Шаппай алған күні кішкентай бестік қояды. Бірақ келесі сабақта оны қорғауың керек. Еріксіз бірімізден-біріміз қалмай Абай  атамыздың өлеңдерін жаттап келетінбіз.  Қазақ әдебиетінен үштік алатын бала жоқ еді.

Бала Мұхтар
Еңдік-Кебек ескеркіші

Содан бізді Елдар ағамыз  Бөрілі-Мұхтардың балалық, жастық шағы өткен жерге бастап әкелді. Мұнда заңғар музей-үйі бар. Әуез атаның қыстау үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұражайға бұрылар тұсқа бала Мұхтардың кітап оқып отырған ескеркіші қойылыпты. Жетісудан ат басын тіреген  қонақтар бұл жердегі Мұхтардың әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың  кесенесіне Құран бағыштады. Музейдің аға ғылыми қызметкері Гүлзат Сәлемқызы, атасы Әуезден тәлім алған Мұхтардың өмірі мен шығармашылығы турасында баяндап берді. Сондай-ақ, музей ішінде күрделі жөндеу жұмыстары қолға алыныпты. Заманауи технологиямен қамтылуда.

Одан әрі оң қапталдағы Сырт Қасқабұлаққа келдік. Бүл жер Абай атамыздың кіндік қаны тамған жер. Домбыра тәріздес жасалған аумақта ақ мәрмәр тасқа «Бұл жерде ұлы дала кемеңгері  Құнанбай ауылында,1845 жылы  қазақ халқының данышпан ақыны Абай (ИбраҺим)  дүниеге келген» -деп көрсетіліпті. Абай бұлағы да осы жерде.

 

 

Елдар Кәменұлы, жер-ел жағдайын жақсы білетін шежіреші екен.  Домбыра пішіндес ескерткіш басына «Туғанда дүние есігін ашар өлең» деген ақын өлеңі келтірілген. Үш ішекті домбыраны Абайдың өзі жасатқан екен. Домбыра құлағындағы құс қанатты қалам мен оның ұшындағы сия, үш ішек пен тиек  адамға біраз ой салады. Қасиетті домбыра сан  ғасырлардан бері қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді емес пе? Осы Абай бұлағы басындағы қос қапталға 45  тас тақтайшалар орнатылған. Мұнда Абай атамыздың  кең тарап кеткен нақыл сөздері , өлең шумақтары жазылған.

Мұнан кейін қос ғашық Еңлік-Кебек кесенесі басына да зиярат еттік. Мазардың сол жағына ескерткіш орнатылыпты. Ауылдағы  шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлардың келетін киелі  орны көрінеді.

Ақшоқы деген жердегі Құнанбай қажы қорымында әулет қабіріне  құран бағышталды. Елдар Кәменұлы,  қорымдағы жаңғырту жұмыстары турасында  айтып берді. Қорымдағы  ескі қабірлер қабырғасы мүжіліп,  сары балшықтан түрғызылғандықтан құлап қалған, сондықтан да, өткен жылы арнайы тас қоршау жасалып, тастар ауыстырылған. Бұл жерде Мұхтардың атасы Әуез де жерленіпті. Тура осы жерде Құнанбай Өскенбайұлының музейі тұрғызылыпты. Ғимарат ішіне қойылған әр жәдігер ел басқару қырын, қайраткерлігін, күреске толы өмірінен сыр тартады.  Дана Абайды тәрбиелеген Құнанбайдың қайраткерлік қыры әлі ашыла қоймағандай. Ол сол кездің өзінде  қажылық сапарға да барған.  Келушілер үшін музейде қонақ үй, ас үй, үлкен мәжіліс залы қарастырылып, заманауи цифрландыруға бет бұрыпты. Бұл қасиетті өлкенің туризмге бет алғандығын байқатты.

Жетісулық топ Абай ауданының орталығы Қарауылдағы   Құнанбай қажы мен Абай ескерткіштерін тамашалап,  бұдан бөлек тарихи-өлкетану музейіне де кіріп, жәдігерлермен таныстық. Аталмыш музей жәдігерлерімен оның меңгерушісі  Бұлбұл Әнуарбекқызы таныстырды. Өлке тарихымен қоса, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған бөлім бар екен. Абайды әлемге паш еткен  Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы екендігі даусыз. Осы жерде Мұхтар Әуезовтің Кәмен Оразалинге  Мәскеудегі ауруханадан жолдаған соңғы хаты да бар екен.

«Дана Мұхтардың дара шәкірті» атанып, бүкіл саналы ғұмырын ұлылар елінде ұстаздықпен өткізген Кәмен ағамыз  Қарауылдан ұзамай, туған еліне  аянбай еңбек еткен адам. Өзі айтып отырушы еді, көнекөз қариялардың ауызынан  Абайға қатысты әңгімелерді қазақ әдебиетінің жауһары «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін жинақтадым,-деп.

    Еңбекқор талант мұнымен де шектеліп қалмай, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Абайдан соң» атты роман тетрологиясын жазып шықты. Осылайша, Әуезовтің шәкірті ретінде, оған арнап роман жазған жанкешті жазушы ретінде, саналы ұрпақ тәрбиелеген ұстаз ретінде есімі тарихта қалды. Кәмен ағаның басқаруымен Абай атындағы орта мектепте «Абай ұрпақтары» деген қолжазба журнал шығару үрдісі қолға алынған.

Осы Абай елінде жыл сайын  республикалық «Абай оқулары» шарасы өтіп, таланттар талабын ашып келеді. Абай елінің атын шығарып,  Қазақстанда ғана емес, шетелге өнерімен танылып жүрген «Қаламқас»  халық ән -би ансамблін айтпасқа болмас.

Сапарымыздың соңында Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне бардық. Мұнда  ақын Абайдың, Шәкәрімнің , інісі Оспан мен Ахат Шәкәрімұлының  қорымы бар. Алыстан қос мұнара  көзге түсті.  Кесенеге барар жолдың оң жағында Абайдың әжесі Зере, анасы Ұлжан және Шәкәрімнің әкесі Құдайберді , сондай-ақ, Құнанбай әулеті балаларының білім алуына ықпал еткен Ғабитқан молда, Шәукімбай жалшы жерленіпті.

Абай мен Шәкәрімнің мәңгілік мекеніне айналған кешенге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақ кереметтей  абаттандырылуда. Абай өлеңдері мен нақыл сөздерін тасқа қашап орнатыпты.

Құнанбай әулетінің қыстауы атанған  Жидебайдағы  музейіне  кіруге мүмкіндік туды. Кесенемен екі ортадағы алаңқайда киіз үй пішіндес аялдама — демалыс орны пайда болыпты. Кесене басына келгендер шаршамай, демалып алу үшін арнайы орын қарастырылыпты.

Абайдың музей-қорық үйі кезінде  әмеңгерлікпен  алған үшінші  жары Еркежанға арнап салдырған. Ақынның жұмыс бөлмесі, қонақ үй бұйымдары сол заманды көз алдымызға әкелді. Ақынның Әйгерімге сыйлаған  күміс ертоқымы сол қалпында. Шегесі мығым, оюланған, зерленген  ағаш төсек, қымыз ішетін тостағандар, жез леген, құман  ыдыстар қонақ үзілмейтін шаңырақ болғандығын паш етіп тұрғандай. Мұнда анасы Ұлжанның,  бәйбішесі Ділдәнің қолданған заттары  сол қалпы сақтаулы. Есік алдында Абай отырған арба тұр.  Ерекше бір толғаныспен ақын музейін көрдік. Ұрпағына « Жалқаулық, тоғышарлықтан құтыл. Еріншек бекер мал шашпақ » -деп күңіреніп тұрғандай көрінді. Замандар алмасқанмен адами қасиеттен ешқайда қашып құтыла алмасымыз хақ. «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», — дейді Абай.
Ендеше, Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады.

                            Талдықорған -Семей- Жидебай-  Қарауыл -Талдықорған.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK