Сыйлық алғанды кім жек көрсін. Алайда, кейбір адамдардың мұны қабылдауға құқығы жоқ. Ол – мемлекеттік қызметшілер. Өз қызыметін адал атқарып, үлкен іс тындырса да оларға ешкімнен, ешқашан сыйлық алуға болмайды.

Еуразия бірінші арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, тосынсыйлар үшін де мемлекеттік қызметші жауапқа тартылып, тіпті қамауға алынуы ықтимал. Біреуге залалыңыз тимесін десеңіз, «рақмет» айтумен шектелгеніңіз абзал.

«Мемлекеттік қызметкерге сыйлық алуға тыйым салынады. Егерде 2 айлық есептік көрсеткішке жетсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер одан асса қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» – дейді Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері жөніндегі агенттік департаментінің жетекшісі Айгүл Байханова.

Қазір, бір айлық есептік көрсеткіш – 2 405 теңге. Демек, 5 мың теңгеден аспайтын зат үшін абыройдан айрылып, қызметтік мансабыңға нүкте қоюың әбден мүмкін. Сондықтан алған сыйлығыңды 168 сағатта, яғни 7 күннің ішінде арнайы қорға апарып табыстауға міндеттеледі.

«Біз барлығын тапсырамыз. Өзіме, орынбасарларыма сыйға тартылған заттарды қол қойып тұрып, қорға бердік. 100 пайыз. Бірде біреуін алуға заңды құқықығы жоқ» – ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік департаментінің бөлім жетекшісі Ернұр Қайырбектің айтуынша, Астана қаласындағы мемлекеттік арнайы қорға сыйлықтың 56 түрі түскен. Оның жалпы сатылу құны 700 мың теңгеден асады. Олардың ең қымбаттысы қытайлық ыдыс жиынтығы – 51 000 теңге, ең арзаны қолға арналған крем – 300 теңге.

Былтыр мемлекеттік қызметкерлер құны 3 млн болатын 300-ден астам затты табыстаған. Бірінші орында астаналық шенеуліктер болса, екінші орында оңтүстік қазақстандықтар. Ал, мүлде сыйлық өткізбегендер Атырау өңірінің мемлекеттік қызметшілері екен. Мүмкін, алмаған да болар. Ал, қордың тарихындағы ең қымбат сый – қанжар болған. Жалпы ақжағалыларға табысталған заттар қоймада көп жатпайды. Оны кәдеге жаратудың екі жолы бар.

«Бұл сыйлықтар госоргандарға порталмен тегін ұсынылады. Порталда ешқай госорган алғысы келмесе, онда ол ашық аукционға шығарылады. Сосын ол сатылып, ақшасы бюджетке аударылады», — дейді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік департаментінің бөлім жетекшісі Ернұр Қайырбек.

Сатылатын заттар жайында ақпаратты мемлекеттік мүліктер порталынан біле аласыздар. Оған кез келген адам қатыса алады. Бағалары қолжетімді. Егер де қызығушылық төмен болса, құны екі есе арзандайды. Тіпті болмаса, бір теңгеге бере салуы да мүмкін.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK