Сот ісінің әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз етіп,  жұрт сенімін ақтау басты талап.  Осы тұрғыда Алматы облыстық  сотында кеңейтілген жиын өтті. ҚР Жоғарғы сотының судьясы Нұржан Қайыпжанов пен облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденовтың қатысуымен  өткен басқосуда 2017  жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланып,  жаңа жоба-жоспарлар атап айтылды.

Фото Әсет Ұзақбаев

Жиналған қауым алдында баяндама жасаған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Советхан Сәкеновтің айтуынша, өткен жылы аймақта 4018 қылмысты іс қаралған. Нәтижесінде 2367 адам сотталып, оның 712 – не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса,  87 адам ақталған. Сонымен бірге, БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында Советхан Сәкенұлы: «Қазір қылмыстың небір түрлері кездеседі. Соның ішінде қасақана кісі өлтіру, есірткі сату, зорлық-зомбылық, ұрлық пен қарақшылық жасау сынды қылмыстар кең етек алып келеді. Егер, алдын-ала қылмыстық тергеу сапалы болып, қылмыскердің айыбы дәлелденетін болса, әрине, айыптау үкімі шығарылады. Ал, ақтау үкімін шығару үшін ешқандай дәлел болмауы қажет. Ақтау мәселесі де оңай емес. Себебі, оның ар жағында  жәбірленген басқа адамдардың тағдыры жатыр. Ең бастысы, заңды батыл атқарып, әділетті үкім шығару керек деп есептеймін»деді.

Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Қалдарбек Досымбет: «Былтыр аймақта  азаматтық істер бойынша барлығы 72 мың 896 іс қаралған. Оның  30 мыңнан астамына тиісті шешім шығарылған. Мұндай істерді қарауда судьялар  Елбасы Н. Назарбаевтың сот реформасында атап көрсеткен адалдық пен кәсібилігіне сүйеніп,  әділдікті басты назарда ұстау  тиіс »  деп түйді .

Жиынды қорытындылаған сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов қаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің сапасына ерекше мән бере отырып, 2017 жылғы облыс аумағындағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудағы атқарылған жұмыстарының сапасына бағасын берді. Сонымен бірге, сот қауымдастығы алдына істерді қарау сапасын жақсарту және сот актілерін бұзуға және өзгертуге жол бермеу туралы бірқатар міндеттер жүктеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK