Қыркүйек айының 15 бастап елімізде емханаларға тіркелу науқаны басталған. Онда еркін таңдауы бойынша әрбір азамат екі ай ішінде  яғни, 15 қарашаға дейін тіркелу мүмкіндігіне ие. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл туралы «Jetisy media» ақпараттық алаңында «Емханаларға тіркеу науқаны» тақырыбында өткен баспасөз-мәслихатында айтылды.

    БАҚ өкілдері алдында сөз алған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры  Нұрлан Отарғалиев: — «Бұл ретте медициналық ұйым қормен келер жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар халықтың таңдауын ескере отырып, 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді. Сондықтан, дерекқордың кәміл дұрыстығына қор мүдделі. Тіркеу науқаны денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК мен МӘМС бойынша медициналық қызметті көрсететін медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізілетінін атап өтеміз. Қормен келісімшарты бар емханалардың тізімімен www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады», — деді.

Мамандардың айтуынша, осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханаларында медициналық қызмет түрлерін алуды жалғастырады.Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда 12 мыңнан астам адам МСАК ұйымдарына тіркелмеген. Медициналық көмекке толықтай қол жеткізу үшін тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелу мәртебесін тексеруі тиіс.

— Тағы бір айта кететін жайт, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады, — дейді Нұрлан Таңжарықұлы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK