Талдықорған қаласында тағы екі сквер және екі демалыс алаңы болады. Жергілікті тұрғындардың тынығуына арналған нысандар Қабанбай батыр көшесінің бойында. Демалыс орындарының жалпы ұзындығы 4 шақырымнан астам жерді құрайды. Алғашқы қар түскенше нысандардың жартысынан астамы толықтай жаңартылмақ, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Қазір мұнда жұмыс күші қарқын алған. Атқарылып жатқан шаруаларды күні кеше Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов көріп қайтты. Ол қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен бірге көше бойын аралап, құрылыс барысымен танысты. Алғашқысы – «Қаракөз» дәмханасы алдындағы бос жатқан алаңқай.

«Бұл жер бір-екі апта ішінде шағын скверге айналып, айналасы жасыл желекпен көмкеріледі. Сондай-ақ, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады», — дейді жауаптылар.

Бүгінде көшенің ені 3-4 метрге кеңейтілген. Ендігіде «Қарағаш» сауда үйіне іргелес орналасқан ескі үйлер сүріледі. Нәтижесінде, қаланың орталығы жаңаша келбетке еніп, заңсыз тұрған сауда дүңгіршектерінің көзі жойылады.

Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің тапсырмасы бойынша мұндай тексеріс жұмыстары енді күнделікті жүргізіледі. Жұмыстардың сапалы әрі уақытыл орындалу барысын облыс әкімінің бірінші орынбасары арнайы қадағаламақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK