«Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының үлкен залында қалалық Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Оған қала әкімдігінің бөлім басшылары, қоғамдық кеңестің өкілдері және ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен журналистер қатысты. Жиынды қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жексембай Мейрембаев ашып, жүргізіп отырды, — деп хабарлайды Тaldykorgan-online.kz

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мәжілісте сөз алған Еркін ауылдық округінің әкімі Қанат Рыспеков халыққа көрсетілген мемлекеттік қызметтер жайында мәліметтерімен бөлісті. Әкімнің айтуынша, ағымдағы жылдың сегіз айында халыққа 291 қызмет көрсетілген. Оның ішінде білім беру ұйымдарына және алыс ауылда тұратын балаларды үйіне ақысыз көлікпен қамтамасыз ету шарасы атқарылған.

«Қыркүйек айында балалардың ата-аналарынан 13 өтініш қабылданды. «Ақ-Нар» ЖШС тасымалдаушысымен веб-портал арқылы келісім жасалды. Бұдан бөлек, «Жер учаскесін алу үшін кезекке тұруға» — 8, «Мемлекеттік әлеуметтік атаулы көмек тағайындауға» — 249 өтініш келіп түсті және «Жер учаскесінің тағайындалған мақсатын өзгерту туралы» — 35 шешім қабылданды», — деді Қ.Рыспеков.

Осы тұста ауыл округінің әкімі АӘК-ке құжат өткізген 40 адамның өтініші қабылданбағанын айтты. Бұған – өтініш берушілердің бір басында бірнеше үй, жер учаскелері мен көліктің болуы себеп болған.

Сонымен қатар, Қанат Рыспеков биылғы жылы ауыл округінде 83 гектарға – қант қызылшасы, 651 гектарға – соя, 35 гектарға – бидай, 16,43 гектарға – жүгері, 168 гектарға – арпа, 135 гектарға бақша өнімдері және 205,6 гектарға – мал азығының дақылдары себілгенін атап өтті.

Бұдан әрі «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Гүлжан Оспанованың баяндамасы тыңдалды. Ол мүгедек балаларды үйде оқыту шығындарын өтеу мөлшері мен тәртібін анықтау туралы сөз қозғады.

Өз кезегінде Қоғамдық кеңес мүшелері Р.Хакимов пен Е.Ешмұхамбетұлы қала бюджетін талқылау және жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар жасады. Ал, Қ.Дүзгенбаев Еркін ауылдық окуругінің маңындағы Балықты өзеніне жүргізіліп жатқан тазалау жұмыстарын баяндады. Оның айтуынша, қазір онда су арнасының құрылысы жүруде.

Осы тұста ауыл тұрғындары арнаның басқа жолмен салынып жатқанын айтып, наразылықтарын білдірді. Себебі осының салдарынан үш көше сусыз қалғалы отыр. Оның үстіне биыл мамыр айында нағыз бау-бақша суғаратын уақытта арнаның суын бөгеп тастаған. Нәтижесінде, ауылдағы құдықтың суы төмендеп, халық қаладан бөшкелеп су тасып жүр.

Бұл мәселені кеңес төрағасы Ж.Мейрембаев ауыл тұрғындарымен бірге ақылдасып, шешу керектігін алға тартты.

Сондай-ақ, кездесу барысында спикерлерге сұрақтар қойылып, ұсыныстар берілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK